Жаркентте баласын ұрып-соққан ананы ата-ана құқығынан айыруы мүмкін деген ақпарат шықты. Ананы ата-ана құқынан айыру баланы шынымен қорғай ма? Baribar.kz тілшісі баламен қатар ата-анамен де жұмыс істеп жүрген психотерапевт Гүлжан Қалиқызынан сұрап, білді.

Ата-ана құқығынан айыру әке-шешені жазалау ма, әлде баланы қорғау ма?

Психотерапевт Гүлжан Қалиқызының сөзіне қарағанда, өте қауіпті жағдайда қабылданатын шұғыл шешімдердің бірі — әке-шешені ата-ана болу құқығынан айыру. Алайда бұл соңғы нүкте болуы керек. Бірден емес.

Мемлекет баланы ол ортадан алып кетіп, басқа жаққа орналастырады. Содан кейін мән-жайды анықтайды. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, бұл баланы толық қорғамайды. Бұл көбіне ата-ананы жазалау механизіміне ұқсайды. Бұл жағдайда «Баланың ішкі әлемінде не болып жатыр?» «Ананың ішкі әлемінде не болып жатыр?» деген сұрақтар маңыздырақ. Қоғам «Бұл отбасыны қалай сақтап қалуға болады?» дегенді ойлауы керек, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Маманның айтуынша, норма және потология деген нәрсе бар. Ана ретінде оның ішкі мейірімі болса, ана болғысы келсе, балаларын жанына алғысы келсе, ол кісіге көмек берген жөн.

Ал ананы осылай жазалаған соң, балада «мені анам тастап кетті», «анама керек емеспін» деген ой қалыптасады. Бала болашақта не өзі қатігез адам, не қатігездіктің құрбаны болып шығуы мүмкін. Ананың іс-әрекетін ақтап тұрған жоқпын. Оның себебі не екенін түсінгім келеді, — дейді психотерапевт.

«Түгел отбасына психологиялық көмек беру керек»

Совет психологиясында да, қазіргі кезде де адамның ішкі импульстары «не мені жазалауы керек, не мен жазалауым керек» деген ойға тіреледі. Кінәлау — ең оңай нәрсе. Өйткені ми солай істейді. Ондай кезде бала позициясына түсіп кетіп, «мынау жақсы, анау жаман» дейміз. Одан да баланың, шешенің, әкенің ішкі жан-дүниесіне үңілу керек, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Маманның айтуынша, мұндай әрекетке барған ананың отбасына да үңілуге болады. Мүмкін әкесі немесе шешесі қатыгез, ашуланшақ болған шығар? Әдетте, адам баласы ата-анасынан алған тәжірибесін, олардың жанында сезген сезімін көп жыл іште сақтап жүреді. Ал өзі ана болғанда — ойы, денесі, психикасы толық өзгергенде сол қарым-қатынасты қайтадан бастан өткереді.

Бұл не үшін болатын цикл десеңіз, бұл — бізге не қатыгездікті, не ашушаңдықты тоқтатуға берілетін мүмкіндік. Кейбіреудің «мен анама ұқсағым келмейді» деген импульсі пайда болады. Бұлардың кейбірін түсінсек, көбін түсінбейміз. Өйткені олар бейсанамыздан шығады, қиындығы да осында. Сондықтан ата-ана құқығынан айырмас бұрын тек бір ата-анаға не бір балаға емес, түгел отбасына психологиялық, мүмкін қаржылай, бәлкім балаларды оқытып, көмек беру керек шығар, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Гүлжан Қалиқызы, психотерапевт
Гүлжан Қалиқызы, психотерапевт. Фото жеке мұрағатынан

Мұндай әрекет «проекция» болуы мүмкін

Ананың өзіне деген сенімі болуы керек. Көбіне бұндай жағдайға түскен анаға «мен — жақсы адаммын», «мен жақсы бола аламын» деген ойды сіңіру қажет. Өз ішінде «ана болуға лайық емеспін», «өмір сүруге лайық емеспін», «әлі анаған жетпедім, мынаны істемедім» деген ойы бар ана ашуын ең әлсіз жаннан алады. Бұны «проекция» деп атаймыз.

Маманның айтуынша, ана баласын ұрып жатқанда өз ішіндегі обьектілерді (бала немесе ата-анасын) ұрып жатқан болуы мүмкін. Ішіндегі барлық ұнамайтын дүниені балаларына әкеліп тіреп қойған болуы мүмкін.

Бұндай жағдайда әкенің рөлі қандай?

Отбасында әкенің рөлі өте маңызды. Әдетте, үй шаруасы, бала бағу ананың мойнына артылса, ақша табу, жұмыс істеу әкенің мойнында деп жатады. Алайда бұл бұрын өзекті болған шығар. Қазір әйел де жұмыс істейді, бірақ басымызға бұрынғы образ қатты сіңіп қалғасын, «әке мен шеше отбасы шаруасын бірге атқаруы керек» деген дүниені көп айтпаймыз, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Маманның айтуына қарағанда, отбасында әр адамның атқаратын қызметі бар. Мысалы, ананың функциясы қамқор болып, мейірім беру болса, әкенің негізгі функциясы — шекара қою және қорғау. Ал Жаркенттегі жағдайда әкенің рөлі баланың шекарасын қорғау және ананың агрессиясына шектеу қою еді. Ал әке бұл рөлді атқара алмаса, шарасыздығы бала үшін де, ана үшін де, отбасының жалпы динамикасына теріс әсер етеді. Бұл кезде зорлық тоқтамағанымен қоймай, баланың ішіндегі, ананың ішіндегі «менің өмірімде осы агрессияны тоқтататын ересек адам жоқ» деген ойдың қалыптасуын да байқаймыз.

«Мәселе ананың әрекетінде емес, отбасының тепе-теңдігі бұзылғанында болып отыр»

Мұндай жағдай бір күннің ішінде пайда болмайды. Айлар бойы, мүмкін жылдар бойы отбасының ішінде жиналған шаршау, жанжал, дәрменсіздік, шашырау, бір-бірін түсінбеу, естімеу жиынтығынан туады. Ондай кезде зорлық тәрбиенің емес, дәрменсіздік тіліне айналады. Бала ата-анасының теріс эмоциясын (ашу, қорқыныш, күйзелісін) сезеді. Ал негізі мұндайды сезбеуі керек еді. Сөйтіп, бала анасына, әкесіне соны «көтеруге» көмектеседі. Ал бала әке-шешенің «орындай алмайтын» функцияларын орындауға міндетті емес. Әке жағдайға сырттай бақылаушы болып қарап тұрса, бала да, ана да өзін жалғыз қалғандай сезінеді. Жалғыз қалған ана жылдар бойы ашуын жинап, бір кезде атылады. Зорлық деп денеге салатын жарақатты ғана емес, үнсіздікті де айтсақ болады. Мәселе ананың әрекетінде (ұрып-соғуында) емес, отбасының тепе-теңдігі бұзылғанында болып отыр, — дейді психотерапевт.

Мұндайда ата-ананы қай кезде кешіруге, екінші мүмкіндік беруге болады?

Баланы отбасынан ажырату немесе ата-ана құқынан айыру соңғы әрекет екенін айттық. Менің ойымша, жалпы көмек берілсе, қолдау жүйесі жақсылап құрылса, кей жағдайда екініші мүмкіндік беруге болады. Беру керек. Бұл «баламен үш сұхбат өткіздік, анамен бір сұхбат өткіздік, болды» деген есеп беру ғана емес. Балаға ана керек.Алайда жылу беріп, махаббат көрсете алатын, ашуын басқара алатын қамқор ана керек. Сондай жағдайда ғана бала ата-анасына қарап, қоғамда өзін дұрыс ұстау нормасын үйренеді, — дейді психотерапевт.

***

Психолог: Кей адам зорлық көріп отырғанын білмейді