Ескерту: WhatsApp аккаунтыңыз бұзылғанын қалай білуге болады?

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қылмыстық қауіп-қатерлер мен тәуекелдерді болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқауіп туралы ескертеді.

Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын іске қосты. «GhostPairing» деп аталатын бұл әдіс құпиясөздерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар қосымша құрылғыларды байланыстыру (привязка устройств) функциясын іске қосу арқылы WhatsApp-қа заңды түрде, оңай кіріп алады.

Сценарий қарапайым: қолданушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жалған хабарлама жіберіледі. Ол арқылы қолданушы интерфейсі Facebook пен WhatsApp-қа ұқсатып жасалған жалған сайттарға өтеді.

Контентке қолжетімділікті растау үшін жалған сайт телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді сұрайды. Осыдан кейін қаскүнем жәбірленушінің аккаунтына «сенімді құрылғы» ретінде автоматты түрде қосылып, WhatsApp-қа толық қолжетімділік алады (хабарламаларды оқу, медиафайлдар мен контактілерді қарау, хабарлама жіберу, фотогалереяға кіру). Бұл ретте телефон ешқандай күдік тудырмай, қалыпты жұмыс істей береді.

WhatsApp-тың басып алынғанын анықтаудың жалғыз жолы – «Байланысқан құрылғылар» (Связанные устройства) бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылым аккаунттың бұзылғанын білдіреді және оны дереу өшіру қажет.

Ведомство қазақстандықтарды қырағы болуға және киберқауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды:

  • белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңыраулар мен түрлі хабарландыруларға сын көзбен қараңыз;

  • WhatsApp кодын бөгде сайттарға енгізбеңіз, қосымшадан тыс жерде код сұрау – әрқашан алаяқтық белгісі;

  • екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз;

  • аккаунт белсенділігін үнемі тексеріп отырыңыз;

  • қорғаныс бағдарламалық жасақтамасын (антивирус) қолданыңыз.

Мамандар бір қателіктің құны – сіздің жеке хат-хабарларыңызға толық бақылаудың жоғалуы екенін атап өтті.

ДереккөзАқжайық