БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында дәстүрлі «Жыл үздігі – 2023» Батыс Қазақстан облыстық жастар премиясын табыстау байқауы туралы брифинг өтті.
Брифингке қатысқан «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, аталмыш конкурс облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатын дамыту, шығармашылық, спорт және қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен жастарды мемлекет тарапынан қолдау және марапаттау мақсатында өткізіледі.
«Жыл үздігі — 2023» БҚО жастар премиясының үздіктері биыл: «Үздік волонтер»; «Үздік студент»; «Үздік жас ұстаз»; «Үздік оқушы»; «Үздік жас талант»; «Үздік жас дәрігер»; «Үздік жас спортшы»; «Үздік жас журналист»; «Үздік көшбасшы»; «Үздік жас маман» және «Жыл жаңалығы» аталымдарында анықталады.
-Жастар премиясын табыстау салтанаты 2023 жылдың желтоқсан айында өтеді. Байқауда қатысушының тек 2022-2023 жылғы жетістіктері қаралады. Қатысушылар 14 пен 35 жас аралығында болуы тиіс (құжат тапсыру кезінде 34 жастан аспауы), — деді С.Тұманбаева.
Байқауға қатысу үшін тапсырылатын құжаттар: сауалнама (ұсынылған үлгіге сәйкес толтырылады); өмірбаян (1 беттен артық емес); қатысушыға ұйым басшылығы немесе қызмет саласы бойынша сарапшы атынан қолдау хат; фотосуреттер (5 данадан артық емес шығарылған және электрондық түрде JPEG форматта); дипломдар, алғыс хаттар, марапаттау қағаздары, БАҚ шығарылымдары, қосымша білім беру бағдарламаларын бітіргені туралы құжаттар, сертификаттар (көшірме) (2022-2023 жылғы болуы тиіс). Байқауға қатысушылардың құжаттары 2023 жылдың 10 қазан және 15 қараша аралығында қабылданады.
