Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қолдау арқылы жеке кәсіп ашып, өз отбасын асырап қана қоймай, ел экономикасына да үлесін қосып жүрген жандар аз емес.
Солардың қатарында бастаған ісінің берекесін келтіріп отырған Төренияз Ибрашевты айтуға болады.
Ол 2019 жылы шағын дүкен салып, жеке кәсібін бастаған болатын. Кәсібін жандандыру мақсатында 2022 жылы «Бастау-Бизнес» курсын аяқтап, сертификат алған Төренияз 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, 1 миллион 300 мың теңге қайтарымсыз қаржыға еділбай тұқымынан ұсақ жандық сатып алып, өсіруде.
Мұнтаздай таза дүкен ішінде ет сақтайтын бірнеше тоңазытқыш, ет бөлшектейтін аппарат пен ет тарқыш қойылыпты. Тоңазытқыштан қой еті, сиыр еті, жылқы еті, қазы, сарымай, түшпара, тартылған ет дейсіз бе, қажеттің барлығын табуға болады. Ал, сөрелерде компот, ара балы, ащы құрт, айран, қаймақ, т.б. тағам түрлері самсап тұр.
Бірлесе атқарған істің берекесі болары анық. Осы орайда Төрениязға жұбайы Айжан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Оның қолынан шыққан дәмді түшпарасы, тефтелиі мен котлеттері үлкен сұранысқа ие.

Жұмысың алға басқан сайын талпыныс жоғары болады екен. Өткен жылы малмен қатар, құс асырап көрмек ниетте 350 балапан алып, жаз бойы өсіріп, күзде саттым. Құс бағу жеңіл, әрі өнімді, өтімді екеніне көз жеткіздім. Осы бағытта кәсібімді дамытсам деген жоспарым жоқ емес. Жұбайым Айжан да жартылай ет өнімдерін өндіретін цех ашқысы келеді. Қазірдің өзінде ол дайындаған түшпара мен тефтелиге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан біз секілді жас кәсіпкерлерге көбірек қайтарымсыз қаржы қарастырылса, шаруашылығымызды одан әрі жандандыруға мүмкіндік болар еді, — дейді Төренияз Ишниязұлы.
«Еңбек түбі — береке» деген дана халқымыз. Өмір талабына сай жеке кәсібін дамытуға ұмтылған жас кәсіпкер бүгіннің өзінде жағдайы төмен отбасыларға демеушілік жасап жүр.
Жалпы айтар болсақ, шекарада тұрған Шыңғырлауда жыл өткен сайын жеке кәсібін ашуға қызығушылық танытатын тұрғындар саны артып келеді. Биылғы жылдың өзінде 10 отбасы мемлекеттік грантқа ие болып, әрқайсысы 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Көпшілігі ірі қара малын сатып алуға ниетті.
