Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.
Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды.
Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханасындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сонымен бірге кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын айтты.
Президент Үкіметтің коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен бірге статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажет дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталады. Ол мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады.
Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкентте байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді, — деді Президент.
Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен».

