Қазақстан коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіреді

Коронавирус инфекциясының жалпы статистика есебінен бөлек пневмонияға да назар аудару қажет. Деректердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі статистика деректерін есепке алу мен қалыптастырудың жаңа тәсілдерін біріктірді. ДДҰ Еуропа өңірлік бюросымен кеңесе отырып, COVID-19 жағдайларын есепке алу үшін жаңа кодтауға көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, COVID-19 зертханалық расталған жағдайлары ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың клиника және эпидемиология белгілері бар пневмония жағдайларымен біріктіріледі, — деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Министрдің айтуынша, COVID-19 кодталуына жаңа кодтарды пайдалана отырып, аурудың халықаралық жіктелуіне толық көшу 1 тамыздан басталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеген еді. Президенттің айтуынша, азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр.

Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.