Талдықорғандағы халықаралық басқосуда мәдениетті дамыту мәселесі талқыланып жатыр

Талдықорғанда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» атты I халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға Франциядан, Армениядан, Қырғызстаннан және Польшадан ғалымдар келді.

Қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін, салт-дәстүрін әлемге таныту мақсатында қонақтарға ұлттық бұйымдар мен тағамдар кеңінен таныстырылды. Қатысушылар қазақтың ұлттық киіміне қызығып, киіп, естелік суретке түсті.

Үшкүндік шараның ашылу салтанаты Бикен Римова атындағы драма театрында өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов жиналғандарды тарихи тағылымы терең шараның басталуымен құттықтап, жобаның маңызына тоқталды.

Бұл — еліміздің рухани, мәдени өмірінде ешқашан болмаған, тұңғыш, әрі теңдессіз оқиға. Жер жүзі Қазақстан қандай ел екенін, қазақ қандай ұлт екенін осы жоба арқылы танитын болады, — деді Ләззат Тұрлашов.

Шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» орталық жобалық кеңсесі, Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференцияға халықаралық спикер ретінде Сорбонна университетінің профессоры, Халықаралық ғылым және өнер институтының директоры, Plastik Art & Science Сорбонна баспа бағдарламасының директоры Ольга Кисселева, актер, Халықаралық HIGHFEST өнер фестивалінің президенті, Метрополитан Лондон университетінің профессоры, доктор Артур Гукасян Қазақстан мен Қырғызстандағы мәдениет және ынтымақтастық мәселелері бойынша Франция елшілігінің кеңесшісі Гийом Касперский, Белорусь мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, Германиядағы МАГО білім беруді ізгілендіру халықаралық академиясының толық мүшесі Ирина Малахова, драматург, театр сыншысы, Thaetr — Dialogue фестивалінің арт-директоры, Nova Scena кластерінің негізін қалаушы Томаш Киренчук арнайы шақырылды.

Қазақстанға Франция елінің мәдениетін таныстыру, тәжірибие алмасу мақсатында келдік. Қазақстандық мәдениетті әлемдік аренада таныту оның елімізде жақсы көзқарас қалыптасуына ықпал етеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру — ХХІ ғасырда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын кешенді әрі қызғылықты жұмыс, — деді Франция Елшілігінің кеңесшісі Гийом Касперский.