Нотр-Дамдағы өрт: Қасым-Жомарт Тоқаев Франция халқына көңіл білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция халқына Париж Құдай-анасы соборында болған өртке байланысты көңіл білдірді.

Француз және әлем мәдениетінің бірыңғай ескерткіші — Париж Құдай-анасы соборындағы алапат өртке байланысты Франция Президенті мен халқына шын жүректен көңіл білдіремін, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Франция астанасындағы Құдай-ана соборының төбесі 15 сәуір күні кешкісін өртенді. Тілсіз жау салдарынан ғимараттың шпилі, сағаты мен шатырының көп бөлігі құлап қалды. Алдын ала мәлімет бойынша өрт собордың жоғарғы жағында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысы кезінде шыққан. Төтенше оқиға кезінде бір өрт сөндіруші зардап шекті. Париж прокуратурасы өрт дерегі бойынша тергеуді бастады.

Париж Құдай-анасы соборы немесе Нотр-Дам де Пари — Францияның басты символдарының бірі. Католик храмы 1163 жылдан бастап 2 ғасыр бойы тұрғызылған. Сәулет жауһары жазушы Виктор Гюгоның «Париж Құдай-анасы соборы» тарихи романынан кейін күллі әлемге мәшһүр болды. Мұнда храм қазынасы сақталатын орын бар. Оған Иса пайғамбардың тікенді бұтасының бөлшегі қойылған. Осы және басқа да жәдігерлерге зақым келген жоқ.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон өрт Нотр-Дамды ғана емес, француз тарихының өзін шарпығандай болғанын және бірегей ғимараттың дереу қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Нотр-Дам — біздің тарихымыз, біздің әдебиетіміз, біздің қиялымыз. Барлық айтулы сәтті — эпидемияларды, соғыстарды, еркіндікті бастан өткерген орнымыз. Бұл — өміріміздің эпицентрі. Бұл — арақашықтықты өлшеу эталонымыз, — деді Эмманюэль Макрон.