Асқар Мамин инвестиция жөніндегі омбудсмен болды

Қазақстанда инвестициялардың жаңа толқынын тарту үшін ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл туралы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Əлихан Смайылов, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Әділет министрі Марат Бекетаев өңірлердің әкімдері инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Мәселені қарау барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы Агрис Прейманис сөз сөйледі.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика өсімінің тұрақты қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойды, бұл негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін жалпы ішкі өнімнің 30% деңгейіне дейін ұлғайтуды талап етеді. Тікелей шетелдік инвестициялар негізгі драйверге айналуы тиіс, — деді Асқар Мамин.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 15,8%-ға өсіп, 22,4 миллиард доллар болған.

Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвестициялар тарту жұмысын жетілдіру мақсатында Үкімет жаңа тәсілдерді енгізді. Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестициялар тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешім осы кеңестің қарауына шығарылады. Кеңестің бірінші отырысы биыл мамыр айында өтеді.

Инвестициялық жобаларды іске асыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді шешу үшін инвестициялық омбудсмен функциясы ҚР Премьер-министріне жүктелді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы инвестиция тартудың аймақтық орталығына айналады. Оның қызметін қамтамасыз ету үшін ерекше құқықтық режим белгіленген: Конституциялық заң қабылданған, инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдайлар қарастырылған: тәуелсіз реттеу, сот пен халықаралық арбитраж орталығының жұмысы әлемдік стандарттарға сай келеді және шетелдік инвесторлардың құқықтық жайлылығын қамтамасыз етеді, тәуелсіз қорлардың әлемдік басқарушы компанияларын тартуға жағдайлар жасалған.

Инвестициялар ағынын арттыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізетін бірыңғай экожүйе құрылады, бұл жүйеге барлық даму институты кіреді және олар «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейді.

Шетел инвестициясын тарту экономиканың дамуына жол ашып, халықтың тұрмыс сапасына қатысты мәселені шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек. Әкімдіктер инвесторлармен жұмысты өзгертіп, инвестиция тартудың жаңа алгортиміне қосылуы қажет. Бұл жұмыс айқын үйлестіруді және жоғары шапшаңдықты талап етеді. Сондықтан барлығына қойылған міндеттерді шешу үшін жұмылу керек, — деді Асқар Мамин.