Асқар Мамин ауылда медицина инфрақұрылымын дамытуды бақылауына алды

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдіктеріне үш бағыт бойынша тапсырма берді.

Асқар Мамин
Асқар Мамин. Фото: Тatar-inform.ru

Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Премьер-министр Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен өңір әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін медициналық көмекке халықтың қолын жеткізу мен қызмет сапасын жақсарту Үкіметтің алдында тұрған міндет екенін айтты.

Бұл қазақстандықтардың денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырады. Осы ретте халықтың бастапқы медициналық көмекке қолжетімділігі мәселесі аса маңызды мәселе, – деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, Үкімет “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеп жатыр.

Үкімет басшысы соған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне және облыс әкімдіктеріне үш бағыт бойынша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.

Біріншіден, жаңа бастапқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету. Бұл нысандар қажетті медициналық құралдармен жарақтандырылуы қажет.

Қарағанды облысындағы Көктас ауылы мен Жамбыл облысындағы Гродеково ауылында осындай жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Премьер-министрдің айтуынша, енді осы оң тәжірибе басқа да өңірлерде қолданылуы керек.

Екіншіден, жас мамандарды ауылдарда тұрақты жұмысқа қалдыру мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет. Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтермеақы төленіп жатыр, ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылған.

Үшіншіден, Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдіктермен бірге пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-министр кеңсесіне жолдау тапсырылды.