Тележурналист Бибігүл Жексенбай Astana TV телеарнасының бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Бүгін телеарнаға арнайы барып, ұжымға жаңа басшыны таныстырдым. Бибігүл Жексенбай — отандық ақпарат айдынында аты қалыптасқан кәсіби журналист, — деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Бибігүл Жексенбай әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы «Спорт» республикалық газетінде тілші болып бастады. «Жас Алаш», «Атамұра — Столичное обозрение» газеттерінде жұмыс істеді. 1996-2007 жылдары «Хабар» агенттігінде тілші, орталық бюро директорының орынбасары болды. 2007 жылы «КТК» телеарнасының қазақ тіліндегі бағдарламалар редакциясының жетекшісі, 2007-2008 жылдары «Қазақстан» телеарнасы ақпарат-сараптама бағдарламалары дирекциясы жетекшісі, телеарна директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2008-2016 жылдары «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары, «Жетінші арна» телеарнасының бас редакторы, бас директордың орынбасары, бас директор, «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болды. Бас редакторлар клубының президенті де болды. 2016 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды.
Бибігүл Нұрғалиқызы көптеген тележоба мен деректі фильмнің авторы және «Бас редакторлар клубының» президенті ретінде де өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Қандай қызметте болса да талантты журналист, мықты медиаменеджер, кәсіби маман және білікті басшы ретінде ғана танылды. Сондықтан Бибігүл Жексенбай жаңа қызметте де белсенділік танытып, Astana TV телеарнасының одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенеміз. Сол жолда Бибігүл Нұрғалиқызына және барша телеарна ұжымына шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілеймін! — деп жазды Мәулен Әшімбаев.
Еске салайық, бұған дейін Ләззат Танысбайдың «Qazaqstan РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалғаны хабарланған еді.