«Дос-Мұқасан» солисі Air Astana қызметкерін ұрып жіберген

«Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі, музыкант, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мұрат Құсайынов Air Astana әуе компаниясының қызметкерін ұрып жіберген. Бұл туралы компанияның корпоратив коммуникациялар департаментінің директоры Тілек Әбдірахымов хабарлады.

Оқиға 14 сәуір күні Нұр-Сұлтан — Алматы бағытындағы КС 852 рейсі ұшағында болған. Әуе компаниясының мәліметінше, ұшаққа отырғызу кезінде Мұрат Құсайынов қатты сөйлеп, әдепсіз сөз айтқан. Экипаж оны тасымалдаудан бас тартқан кезде әнші әуе компаниясы қызметкерлерінің көзінше жолаушыларға қызмет көрсету ауысымының басшысын маңдайынан ұрып, денсаулығына зақым келтірген.

Әуе компаниясы жолаушылардың қызметкерлерге қатысты заңға қайшы әрекеттеріне төзімсіздік танытатынын және зардап шеккен қызметкерге жан-жақты көмек беретінін мәлімдейді. Air Astana Нұр-Сұлтан әуежайының желілік полиция бөліміне сотқа дейінгі тергеу жүргізу және Құсайыновты жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті арыз жолдады, — деді Тілек Әбдірахымов.

Желілік полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиға бойынша «Әуе көлігі бортындағы бұзақылық» бабымен тергеу жүргізіліп жатыр.

Белгілі музыкант Тengrinews.kz тілшісіне оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Ол әуе компаниясы қызметкерін ұрған жоқпын деп отыр. Мұрат Құсайыновтың айтуынша, ұшаққа отырғызу алдында қызметкер одан аяқкиімді шешуді талап еткен.

Олар дөрекі түрде аяқкиімім мен белбеуімді шешуді талап етті. Мен сканермен тексеруді сұрадым. Бірақ олар мені әдейі қорлағысы келді. Мен шешінбедім. Содан кейін олар жанжалдасуға бекінді, — дейді музыкант.

Мұрат Құсайыновтың айтуына қарағанда қызметкер оны ары қарай өткізбеген. Әнші оған дөрекі жауап берген.

Басқа ештеңе болған жоқ. Мені рейстен шығарып тастады, мен ұшып кете алмадым, — деді артист.

Мұрат Құсайыновтың айтуынша, әуе компаниясы қызметкерлері артист бірінші шағым түсірмеуі үшін желілік полицияға дереу арызданған.

Полиция қызметкерлері мені екі-үш сағат ұстады. «Қамайсыздар ма?» дедім. Бірақ олар менен қол қоюды сұрады. Мен конституциялық құқығымды қолданып, өзіме қарсы ешнәрсеге қол қоймайтынымды айттым. Олар хаттама толтыра бастады. Мені қамағысы келді. Олар «Жоқ, сізді қамамаймыз, сізге шағым түсті», — деді музыкант.

Мұрат Құсайыновтың айтуынша, әуе компаниясы оны келесі рейске отырғызуы керек еді, бірақ компания одан бас тартты. Артист  мың теңгеге басқа әуе компаниясының рейсіне билет алып, ұшып кетеді. Ол Нұр-Сұлтанда «Дос-Мұқасан» үлкен концерт бергелі отырғанын айтты.

Басқа әуе компаниясы маған аяқкиімді шешудің керек емес екенін айтты. Ал мыналар болса, маған жабысып, «шешіңіз» деді. Олар ақылынан адасқан ба? Енді өздерін ақтау үшін қарсы шабуылдап жатыр. Ешкім ешкімді ұрған жоқ, бәрін ойдан шығарды, — деді «Дос-Мұқасан» солисі.

Ол Air Astana әуе компаниясын сотқа бергелі отыр.

ДереккөзTengrinews.kz