«Дос-Мұқасан» ансамблі Қазақстанның барлық аймақтарында концерт береді

Биыл аты аңызға айналған қазақстандық «Дос-Мұқасан» ансамблі сахнада өнер көрсеткендеріне 50 жыл толуына орай Қазақстан қалаларын аралап, концерт ұйымдастырмақшы. Ансамбль гастрольдік сапарларын Еуразия бірінші арнасындағы «Қайырлы кеш, Қазақстан!» музыкалық шоуының алаңынан бастады. Онда әртістер репертуарларындағы ең танымал әндерді – Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол», халық әндері «Әпитөк» пен «Қыздар-ай», сонымен қатар «Ғашықтар əні» мен «Астана мен Алматы» әндерін шырқады.

«Ұжым сонау 1967 жылы Қазақ политехникалық институты жанынан құрылды. Сол жылдары Павлодар облысының Баянауыл ауданында институттың құрылыс жасағы үй салады. Құрылыс жасағында жүріп жас өнерлі жігіттер – Досым Сүлеевке, Мұрат Құсайыновқа, Хамит Санбаев пен Александр Литвиновқа заманауи эстрадалық ансамбль құру туралы ой келеді. Ансамбльдің атауы да осы жігіттердің есімдерінің бастапқы буындарынан құралған. Уақыт өте келе топтың құрамы өзгеріп отырды. Топқа үнемі жетекшілік етіп, басы-қасында жүрген Мұрат Құсайынов болды. Топтың бір мүшесі кеткен кезде Мұрат Құсайынов ұжымға консерватория түлектерін, басқа да музыканттарды шақырып отырды. Осылайша 1978 жылы мені де шақырды. Алғаш рет мен «Дос-Мұқасанда» 7 жыл еңбек еттім. Ары қарай «Гүлдер» ансамбліне жетекшілік еттім, жеке әнші ретінде өнер көрсеттім, өзіндік продюсерлік орталығымды аштым. Осы жылдар ішінде «Дос-Мұқасанға» деген алғысым шексіз болды. Топқа екінші қайта шақырған кезде ойланбастан келістім. Ансамбль – менің жастық шағымның белгісі. Өзімнің достарым – дарынды музыканттардың ортасында өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Биыл – бізде мерейтой. Жақын арада Қазақстанның қалаларын аралап, концерттер береміз. Ең ауқымды шоуды Алматыдағы Республика сарайында көрермен назарына ұсынамыз. Классикаға айналған хит әндерден бөлек, концерттерде жаңа әндерімізді де орындаймыз», — деп топ мүшесі Ақжол Мейірбеков ой бөлісті.