Ұлы жүздің бас биі, шешен Төле би 40 қарақшының қолына түсіп қалып, ақылының арқасында олардан оп-оңай құтылып шыққан екен. Оған келіні Данагүл көмектескен.
Бірде Төле би ауыл сыртына шығып, қоныс ауыстыратын жер шалып жүреді. Алайда қасындағы серіктерінен көз жазып қалыпты. Қоныс болатын жер іздеп, ауылдан тым алыстап кетеді. Жалғыз жүрген оның сыртынан торуылдаған қарақшылар қаумалап келіп ұстап алады. Сонда өзінің кім екенін сездірмеген Төле би:
Малым көп, мен бір бай адам едім. 100 түйем, 100 жылқым бар, әйел, бала-шағам бар. Жасым 60-тан асты. Маған жанымнан мал артық па? «Бастан құлақ садаға». Өлсем артымда қалып, көрінгеннің талан-таражына түседі ғой. Одан да ауылға барып, сендерге мал әкеліп берейін. Оған сенбессіңдер-ау, онда оның ебін өзім айтамын. Ақылыңа сыйса, тыңда. Ауылыма хат жазайын. Сол хатты іштеріңнен екі адам алып барып берсін. Кенже ұлымды атастырып қойғанмын. Келінге беретін қалыңмалға деп атаған 40 құнан атан, 20 буыршын, сегіз ақ бас атаным бар еді. Соны берсін. Оң босағамда көмген алтыным, сол босағамда күмісім бар. Мұны өзімнен басқа ешбір жан білмейтін еді, соны да беріп жіберсін, — дейді де, айтқандарын хатқа түсіріп қарақшылардан беріп жібереді.
Қарақшылар Төленің хатын әкеліп, бидің үйінде түстеніп жатады. Хатты оқыған ортаншы келіні Данагүл атасының жұмбағын дәл шешеді де, туыстарына хабар береді. Данагүл үйге жиылған адамдарға былай деп мән-жайды түсіндіреді:
Атам қарақшылардың қолына тұтқын болып түскен екен. 40 құнан атан берсін дегені — қырық мықты жауынгер жігіт жібер дегені. 20 буыршын берсін дегені — 20 балуан жібер дегені. Сегіз ақ бас атан берсін дегені — сегіз ақсақал жібер дегені. Оң босағадағы алтыны — мен, сол босағадағы күмісі баласы еді.
Мұны естіген бидің туыстары мен ауылдастары барлық нәрсені құпия түрде ұйымдастырады. Бидің ауылына келген қарақшылар шалқалап жатып, екі күн қонақ болады. Келесі күні айтқан малды екеуінің алдына салып береді. Қарақшылар ауылдан ұзай бере олардың соңына Төле бидің келіні Данагүл мен ұлы, 60 жігіт, сегіз қария түседі. Қалың малды көргенде есі ауып, таласып жатқан қарақшыларды Төленің адамдары қоршап, байлап тастайды.
Сонда Төле би қарақшыларға қарап, былай дейді:
Ғұмыр біреу, кезек екеу деген. Сендерге өлім керек пе, әлде өмір ме? Тілімді алсаңдар, ақылымды айтып, ара түсейін. Бәріңнің елге пайдаң жоқ. Әйелің не балаң жоқ, айдалада қаңғырып өмір сүресіңдер. Зорлық түбі — қорлық. Бұл істеріңнен елге не пайда? Таза, әрі адал еңбек істесеңдер, қарындарың тояды. Біреуді жылатып, тартып алған дүниеде береке болмайды, — дейді.
Төле бидің өнегелі сөзіне, шешендігі мен тапқырлығына ұйыған қарақшылардың бірі былай дейді:
Айналайын, ақсақал, кім болсаңыз да айтқаныңыздың бәрі рас. Біз жан-жақтан қашқан, қырық құрау ру едік. Ел тонадық, мал ұрладық, керуенге қырғидай тидік. Біз де адам баласымыз, өзіңіз сияқты әкеден тудық. Бірақ теріс жолға түстік. Әкеміз қарақшы болған жоқ, шешеміз зұлым болмады, бізді соңғы рет кешіріңіз.
Сонда Төле би қарақшыларды түгел босатып жібереді. Қарақшылар да қатесін түсініп, Төле бидің қол астына барады.