Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуде Жастар жылы аясында атқарылатын әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар туралы айтты.
Ол «Жастар — ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылғанын, мемлекет жұмыспен, баспанамен қамтуды, білім беруді, жастар кәсіпкерлігін дамытуды, жас ғалымдарды қолдауды жалғастыра беретінін айтты. Президент жас мамандарды қабілетіне қарай қолдаудың мемлекеттік тетігі жасалатынын мәлімдеді.
Ел ішінде, өңірлерде бәсекеге қабілетті жас көп. Осындай жастарды тек меритократия жолымен, яғни жас мамандарды қабілеттеріне және жетістіктеріне қарай өсірудің арнайы мемлекеттік бағдарламасын әзірлейміз. Барлық аймақта қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді, озық ойлы жастарға басымдық берілуі тиіс. Олардың әлеуметтік лифт арқылы өсуі сапалы білімі мен кәсіби қабілеттеріне тікелей байланысты. Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселеге назар аударамын. Жастар жылында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол беруге болмайды! Бөлінген бюджет қаражаты, шын мәнінде, пайдасы бар шараларға жұмсалуы тиіс. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Маңғыстаудың тарихи нысандары енгенін және бұл бағытта жұмыс жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, жастар үшін тарих пен тілді білу маңызды. Балабақша мен мектеп ұстаздары қазақ тілін үйретумен айналысуы тиіс.
Мектептерде басты назарды қазақ тіліне, сондай-ақ орыс тіліне аудару қажет. Содан кейін ғана ағылшын тілін меңгеруге болады. Қазақ тілін экономика, ғылым, білім, техника және мемлекеттік басқару тіліне айналдыру — ең маңызды міндет! Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады. Мұны ешқашан естен шығаруға болмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тағы бір маңызды мәселеге назар аударды — халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру. Бұл ретте бюджетке қатысты көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет қаржысын ретсіз жұмсау мәселесін қатаң қадтағалап, ысырапшылдықтың алдын алу керек.
Біздің кейбір әкімдеріміз бен министрлеріміз бюджетке «таусылмайтын қоржын» ретінде қарайды. Бізде тиімсіз шығын өте көп. Мәселен, мерекелік шараларды әбден жақсы көретін болдық. Қымбат автокөліктерді молынан сатып алатын болдық. Қызмет кабинеттерінде керемет жөндеу жұмыстарын жүргізетін болдық. Тағы басқа, айтсақ, көп. Осындай келеңсіздікке тосқауыл қоямын. Көрпемізге қарай көсілу керек. Біз табыс көзін тек бюджеттік шығындар есебінен арттыру мүмкін емес екенін терең түсінуіміз қажет. Мемлекет адамдардың еңбек етіп, лайықты табыс табуына жол ашатын тиісті шаралар қабылдайды. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қорғауына алады, — деді Президент.
Президенттің айтуынша, мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажырату үшін әр азамат Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын түсінгені жөн. Балаларға мемлекеттен бөлінетін қаражатты солардың өздеріне жұмсау қажет.
Қоғамда жеке кәсіппен айналысу идеясын одан әрі насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер — мемлекеттің тірегі. Ол халықты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға үлес қосады. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсету қажет. Қытайда бизнеске кедергі жасағандарға қылмыстық жаза қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, ресми мекемелер тарапынан ешқандай кедергі болмауы тиіс. Тек жәрдем беру керек. Ал іс жүзінде бізде тосқауылдар жиі кездеседі. Бұл тұста «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына үмітіміз зор, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтауда болды. Ол кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, емхананы аралап көріп, Теңіз академиясы мен Ақтау теңіз порты ұжымымен кездесті. Маңғыстау жұртымен кездескенде Президент мұнай саласына иек артып өмір сүруге болмайтынын айтты.