Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Бесінші Каспий саммитінде қол жеткізген уағдаластықтардың қорытындысы бойынша 2018 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жанынан ашылған Теңіз академиясының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы кеме жүргізушілердің, кеме механиктерінің, штурмандардың көпфункциялы тренажер сыныптарын, алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өртке қарсы және құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға арналған дәрісханалары бар көпбейінді материалдық-техникалық базаны аралап көрді.
Студенттермен бейресми әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи стандартқа сай сапалы әрі арнайы білім алудың маңызы жайлы айтып, олардың оқуда табысты болуына тілектестік білдірді.
Университет студенттері өздеріне Жастар жылы аясында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында теңіз портының қазіргі жұмысымен, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалын арттырудың перспективаларымен, Ақтаудағы шипажай аймағының инфрақұрылымын дамыту жұмысымен танысты.
Кәсіпорын мамандары Президентке өндіріс міндеттерін толыққанды орындауға, соның ішінде жүк тасымалы операцияларын жүргізуге, кемелерді айлаққа қоюға және қызмет көрсетуге септігін тигізетін порттың техникалық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жаһандық көлік дәлізінің қиылысында орналасуы жылына 17,7 миллион тонна құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік беретінін баяндады.
Қазақстан Президентіне «Маңғыстау» зымыран-артиллерия кемесі көрсетілді. Ол Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштерінің арнайы техникасымен, қару-жарақтарымен және киім үлгілерімен де танысты.