Басты бетТанымХан талау қандай ырым?

Хан талау қандай ырым?

Ғалымдардың айтуынша, хан талау ырымы қазір бұрмаланып, дұрыс түсіндіріліп жүрген жоқ. Ол қандай рәсім, қандай сенімге негізделген?

Этнография бұл дәстүрді «халық көңілінен шықпаған ханды масқаралап, оны орнынан алып тастау әдісі» деп келтіреді. Ал кейбір жазбада «Хан талауды жасау үшін қазақтар арнайы кеңес ұйымдастырған» деп те жазады. Дегенмен  ғалымдардың айтуынша, бұл ырым осы айтылған екі түсінікке де сай келмейді.

Хан талау — ханды ақ киізге көтеріп, хан етіп сайлағаннан кейін болатын рәсім. Тарих ғылымдарының докторы Зүбайда Сұрағанова бұл дәстүр туралы былай дейді:

Ең беделді сұлтандар мен билер ақ киізде отырған ханды жоғары-төмен және оңға-солға үш рет көтеріп, айналдырады және «Хан! Хан! Хан!» деп айқайлайды. Осы кезде ақ киізде отырған хан көктегі тылсым күштің мейіріне кенеліп, киесін өзіне алады деп сенген. Ал ақ киіз барлық жақсылықтың тоғысқан нүктесі деп түсіндіріледі.

Осыдан кейін киелі саналған сол киізді «тəбəрік» деп, бір жапырақтан бөлісіп алады. Бұл рәсім қазақ даласында жақсылықтың нышаны саналатын әрбір істен жыртыс алып қалу түсінігіне негізделеді.

Ақ киізден жыртыс алған халық «ханның ақылы мен күші, жолы мен бағы бізге де жұғысты болсын» деп ырымдаған.

ХІХ ғасырдағы жылнамаларға сүйенсек, хан сайлауы бүкіл ру мен тайпалардың белді өкілдерін жиған үлкен рәсім болған, — дейді ғалым.

Олар ханды сайлау немесе оған қарсылық білдіру үшін келмейді. Алыстан ат терлетіп келген әр тайпаның өкілі ханның дүниесінен кәде алуды көздейді. Ақ киізден жыртыс тимеген рудың өкілдері ханның малын, үйіндегі заттарын толығымен бөлісіп, алып кететін болған. Дегенмен жаңа сайланған ханның малынан бір тұяқ алған ру оған тағы мал қосып, қайтарады. Ханның мүлкін талап, оны екі еселеп толықтыру да — хан талаудың бір бөлігі.

Ғалымның айтуынша, ханның мүлкін талау екі сенімге негізделеді. Біріншісі — жыртыскәде. Екіншісінің мағынасы тіпті күрделі: хан сайлауға үміткер болған адам халық алдында толық өліп, жаңадан хан ретінде дүниеге келді деп сенген. Сондықтан хан болғанға дейінгі мал-мүлкі толығымен таланып, таратылады. Жаңа хан өмірге келді деп жар салған халық оның дүние-мүлкін жаңартып, қайтадан қайтарады.

Хан талау дәстүрінің мағынасы өте терең. Хан талау рәсімі қазақтардың жыртыс, сарқыт, сыбаға сияқты дәстүрлерімен біте қайнасқан. Зүбайда Сұрағанова хан талауды «ырым» деп атаған дұрыс дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ