Әлгі ауылдың Нау есімді тұрғыны ешкісін жоғалтады. Ол өз ешкісінің терісін туыстас ағайынының қорасында жаюлы тұрған жерінен танып қалып, оны даулаған екен. Ақыры туған-туыс болып, дауласқандарды бітістіре алмай, Ақмырза биге жүгінеді.

Маңырауық бір ешкі үшін туысқаныңмен араздасып, би алдына келгенің қалай?,– дейді салған жерден Ақмырза би Науға қарап.

Сонда Нау:

Ешкімді саусам, бұлақ еді, Іші толған лақ еді, Терісі бұтыма қап еді, Мүйізі пышағыма сап еді, Тоқтықарын майы бар еді, Тоқсан түйір құрты бар еді, – дейді.

Ақмырза сол кезде:

Ешкіңнің мақтауын әбден келтірдің, енді сол ешкінің төрелігін өзің айтшы, – дейді.

Сонда Нау:

Бидің жасаған билігіне бір ат, жасаған төрелігіне түк жоқ. Ешкімнің мойнына қосақ, артына тіркеу бер, – деп туысына қарайды.

Осыдан кейін туысы айыбын мойындаса да, біраз малынан айырылып қалатынын ойлап, шошынып, көзі атыздай болып отыр екен.

Мұны байқаған Нау:

Қу туысқан, өлетін қойдың көзіндей көзің бозарып кетіпті ғой, қайыр қылайын. Төрелігі болды, енді кештім, – деген екен.

Ағайын арасында ушығып тұрған дау осылай шешіліпті.