Жыртыс екі түрлі жағдайда үлестіріледі. Келін түсіріп, жасаудағы сандықты ашқанда немесе қоржынды сөккенде арнайы салынған матаны бөлшектеп жыртады. Жыртылған мата сол жерде отырған барлық әйелге үлестіріліп, “осындай жақсылыққа сендер де жетіңдер” деп ырымдайды. Қолға тиген жыртыс сыйлы кәде болып есептеледі.

Ұзақ жасқа жетіп, дәм-тұзы таусылып, қайтыс болған адамның жаназасында да жыртыс таратылған. Бұл “марқұмның жасын берсін” деген ырымнан туған. Зират басында жыртыс жыртылып, сондағы ер азаматтарға үлестіріледі. Олар осы шүберекпен бетін сипап, иман келтіреді. Сонымен бірге қайтыс болған адамның атынан жыртыс тарату арқылы ол достары мен туыстарының алдындағы қарызын өтейді деп есептейді. Бірақ қазақтар жыртысты 60 жастан асқан адам қайтыс болғанда ғана таратқан.

Екі жағдайда да жыртысты адамдар жақсылықтың нышаны ретінде қабылдаған. Тек жастар үйленгенде жыртылатын матаның саны жұп болған. Өйткені бұл “жастардың жұбы айырылмасын” деген мағынада жасалды. Ал қайтыс болғанда таратылатын жыртыс матасының саны тақ болады. Бұл “өлім көбеймесін” деген ойдан туған.

Таратылған жыртысты адамдар ешқашан лақтырып тастамаған. Бұл “жақсылықтың үлесі” деп сенетін ата-бабамыз жыртыстан балаға киім тіккен. Өмірден өткен адамның әруағы баланы қорғайды деп сенді. Сонымен бірге қыздың жасауына арнап тігетін көрпені де осы жыртысқа берілген маталардан құраған.

Тарих ғылымдарының докторы Зүбәйда Кенжебекқызы жыртыс дәстүрінде терең сыр, тіпті магия бар деп түсіндіреді.

Қазақ әруақ пен тылсым күшке сенетін халық. Сондықтан олар әрбір адамның не заттың өзіне тән киесі бар деп сенген. Мата үлестіру арқылы жақсылықты таратып, алған адам соны өзіне жинап алады екен, – дейді тарихшы.

Ғалымның айтуынша, жыртыс тарату ежелден жеткен дәстүр. Түркі ғалымы Махмұд Қашқари өз еңбегінде:

Ежелгі түркілер қымбат матаны кішкентай бөлшекке жыртып, үлестірген. Сөйте тұрып олар, бұл – үлкен жақсылықтың нышаны, өлген адаммен байланыс деп сенеді. Сол уақытта мұндай сыйлы кәде “бышыш”  деп аталған, – деп жазады.

Жыртыс дәстүрі әлі күнге дейін өз мағынасын жойған жоқ. Жыртыс таратып, оны жақсылықтың нышаны деп санайтын адамдар әлі де бар.