Сұлтан Қойшин, Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының логика үйірмесінің мұғалімі:

Сұлтан Қойшин
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сабақ барысында бір қағиданы ұстанамын. Ол — ешкімді бөліп, жармау және жарыстырмау. Әрқайсының пікірін құрметтеймін.

Олардың сабаққа деген құлшынысы артуы үшін шарт қоямын. Мысалы, «С тобындағы күрделі есепті кім толық әрі дұрыс орындайды, соған қалағанын алып беремін» деп келіcтік. Содан бастап олар берілген тапсырманы артығымен орындай бастады. Тіпті, үлгерімі нашар оқушылар көшіріп алса да, түсінуге, біліуге тырысты. Бір сөзбен айтқанда, сыйлық үшін олар мені алдап есеп шығарса, мен «сыйлық беремін» деп оларды алдап есеп шығартқандай болдым.

оқушылар
Фото жеке архивінен

Оқушыларға құрдасым ретінде қарым-қатынас жасаймын. Сонда үндемейтін, артқы партада отыратын балалар өзін еркін сезініп, ойын ашық айтады.

Бектұрлы Қамидолла, Жезқазғандағы «Білім-инновация» лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі:

Бектұрлы Қамидолла
Бектұрлы Қамидолла. Фото жеке архивінен

Мен сабақты ағылшынша өткіземін. 7-8-сынып оқушыларын пәнге қызықтыру үшін Swatter ойынын ойнатамын. Қазақша айтқанда «шыбын өлтіргіш» деп аталады. Биологияда ереже мен термин көп. Сондықтан бұл ойын терминдер мен ережені жаттауға көмектеседі. Ол үшін алдымен барлығы кітап, дәптерін жабады. Екі оқушы сапалақ алып, тақтаға шығады. Белгілі бір терминнің ережесі оқылады. Бірақ ненің ережесі екені айтылмайды. Оқушы тақтада жазылып тұрған 10 шақты сөздің арасынан дұрыс жауабын сапалақпен ұрып, ұпай алады.

Сабақта бір орында отырмауға, белсенді болуға тырысамын. Уақыттың 50%-ын танымдық ойындарға жұмсаймыз. Ол интерактив тақтамен өтеді.

оқушылар
Фото жеке архивінен

Ал 9-10-сынып оқушыларына тапсырмаларды өмірге, тіршілікке байланыстырып дайындаймын.

Оқушыларға құрдасым ретінде қараймын, бірақ кейде мұғалім екеніңді де көрсетіп қою маңызды.

Назым Орысбаева, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

Назым Орысбаева
Фото жеке архивінен

Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер көп. Соның ішінде, «Миға шабуыл», «РАФТ» стратегиясы, «Бұл кім және қай сәт» әдісі, оқушылардың импровизациялық шеберлігін, сыни ойлау дағдыларын жетілдіру мақсатында «Өткеннен кадр», «Көріністер әлемінде» сияқты тағы басқа әдістерді қолданамын.

оқушылар
Фото жеке архивінен

«Миға шабуыл» әдісі оқушының жаңа тақырыпқа қызығуына көмектеседі. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін өтпестен бұрын фильмін көрсетуге болады.

«Өткеннен кадр» немесе  «Көріністер әлемінде» тәсілдері оқушының актерлық, сыни-ойлау қабілетін арттыруға, шығарма кейіпкеріне деген көзқарасын білуге көмектеседі.

әдіс сабақ
@139.shkola.gimnazya.almaty

«РАФТ» стратегиясы оқушыны шығармашылық жұмысқа баулып, өткен тақырыпты қандай деңгейде түсінгенін білдіреді. Ондағы Р-роль, А-аудитория, Ф-форма (хат, өлең), Т-тақырып дегенді білдіреді. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша болса, Роль — Қожа, Аудитория-Майқанова, Форма-хат немесе өлең. Оқушылар «Менікі жөн болмады» тақырыбында эссе немесе өлең жазады. Сол арқылы баланың шығарма кейіпкеріне көзқарасын білуге болады.