Рационның құнарсыз әрі дұрыс болмауынан дүниежүзінде жыл сайын 11 миллион адам мезгілсіз көз жұмады. Бұл туралы Lancet ғылыми журналында жарияланған зеттеуде айтылған.

Өмірді қысқартатын азық-түліктің ең алғашқысы — тұз. Ол — тағамның түгелге жуығына қосылатын негізгі компонент.

Сондықтан зерттеуде ғалымдар семіздікті емес, жалпы дұрыс тамақтанбау проблемасын қозғаған. Себебі оның салдарынан қатерлі ісіктің пайда болу қаупі зор. Ал төмендегідей компоненттердің жетіспеуі не, керісінше, шамадан тыс болуы — құнарсыз рационның негізі.

  1. Тұздың шамадан тыс қолданылуы — 3 миллион өлім
  2. Тұтас дәнді азық-түліктің аз болуы — 3 миллион өлім
  3. Жемістің жеткіліксіздігі — 2 миллион өлім

Адамның ерте өлуіне себеп болатын күрделі факторлардың ішінде рационда жаңғақтардың, жасұнықтың, дәнді дақыл мен көкөністің аз болуы және теңіз тағамдарында ғана кездесетін Омега-3 майлы қышқылының жетіспеушілігі бар.

Тамақ қалай адамды өлтіреді?

Рационның дұрыс еместігінен болған 11 миллион өлімнің 10 миллионы — жүрек-қан тамырлары ауруларынан. Бұл, әсіресе, тұздың шамадан тыс қолданылуынан болады. Рационда тұздың көп болуы артерия қысымының көтерілуіне, жүрек талмасы немесе инсульт қаупінің артуына әсер етеді. Ал дәнді дақыл, жеміс пен көкөністің пайдасы мол. Олар жүректің жақсы жұмыс істеуіне көмектесіп, жүрек-қан тамырлары ауруларын болдырмайды.

Әлем бойынша адамдар қаншалықты дұрыс тамақтанады?

Зерттеушілердің айтуынша, бұл көрсеткіш бойынша идеал мемлекет жоқ. Әртүрлі мемлекет дұрыс рационды ұстануға тырысқанымен әлем бойынша пайдалы да құнарлы тамақтану ережелерінің сақталғаны шамалы. Зерттеу барысында әлем тұрғындарының басым көпшілігі жаңғақтар мен дәндерді қажетті мөлшерде жемейтін болып шықты.

Көп адам жаңғақты энергия берсе де, денеге тез артық салмақ қосатын азық-түлік деп қарастырады. Негізі жаңғақта пайдалы май көп. Ал біз жаңғақтар мен дәндерді күнделікті рационның міндетті элементі ретінде қарастырмаймыз. Екінші жағынан олар кейде қымбат та болып жатады, — дейді Кембридж университетінің оқытушысы Нита Форухи.

Ет пен қант ең зиян азық-түлік пе?

Соңғы кездері интернетте, БАҚ-та май мен қанттың зияны туралы, қызыл ет пен өңделген еттің қатерлі ісікке себеп болатыны туралы ақпарат көп. Бірақ ғалымдардың айтуынша, зиян тағамдар туралы сөз қозғай бермей, дұрыс тамақтанудың пайдасын үгіттеу керек.

Зерттеуде көрсетілгендей, қант, тұз, газдалған сусындар, майлар мен ет — шынымен де қауіпті азық-түлік. Бірақ дәндердің, жеміс пен көкөністің, жаңғақтардың жетіспеушілігімен салыстырғанда бұл проблеманың өзектілігі әлдеқайда төмен, — дейді Вашингтон университеті жанындағы Денсаулық көрсеткіштері мен бағалау институтының директоры Кристофер Маррей.

Ғалымдардың зерттеуінше, дұрыс тамақтанбау өмірдің ұзақтығын екі жылға қысқартады. Бірақ Маррейдің айтуынша, бұл — орташа көрсеткіш қана. Әр адам өзіне «Дұрыс тамақтанбағандықтан мен 50 жасымда жүрек талмасынан өлем бе, әлде ажалым 40-тан асқанда қатерлі ісіктен келе ме? деп сұрақ қоюы тиіс.

Қай елдерде тамақтану рационы дұрыс?

Франция, Испания, Израиль сияқты Жерорта теңізі елдерінде дұрыс тамақтанбаудан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмен. Ал Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік пен Орталық Азия елдерінде, керісінше, бұл көрсеткіш жоғары.

Мысалы, Израильде дұрыс тамақтанбаудың салдарынан бір жылда 100 мың адамның 89-ы қайтыс болады. Ал Өзбекстанда бұл себептен бір жылда 100 мың адамның 892-сі өмірден өтеді.

Карта

Тұзды пайдалану бойынша Жапония мен Қытайдың арасында айырмашылық бар. Қытайда ұлттық тағамдарды жасауға тұзы тым көп соя мен басқа да тұздықтар өте жиі пайдаланылады.

Жапония 30-40 жыл бұрын Қытай сияқты тұзды көп мөлшерде тұтынған. Бұл елде тұздың көп болуы — әлі де проблема, бірақ өткен жылдармен салыстырғанда оны пайдалану көрсеткіші азайды. Сонымен қатар жапондардың диетасында жүрек ауруларынан сақтайтын жеміс пен көкөніс сияқты азық-түлік көп.

Ұлыбританияда да жағдай мәз емес. Ол Франция, Дания, Бельгия елдерінен қалыс қалды. Себебі тұрғындардың ас мәзіріне дәнді дақыл, жеміс, көкөніс, жаңғақ жетіспейді. Зерттеудің мәліметтерінше, Ұлыбританиядағы өлім-жітімнің 14%-ы сапасыз әрі құнарсыз диетадан болады. Сондықтан жыл сайын 100 мың ағылшынның 127-сі осы себептен өледі.

Не істеу керек?

Рационның сапасы адамның салмағына байланысты емес, оның пайдалы болуы маңызды. Сондықтан, ең алдымен, тұтас дәнді дақыл, жеміс, жаңғақ пен көкөністі көбейтіп, тұзды қолдануды азайту керек, — дейді Кристофер Маррей.

Адамдар салауатты өмір салтын таңдай алады. Ол үшін пайдалы ақпарат пен қаражат болса, жеткілікті. Бірақ дүкендер зиян тамақты жарнамалап, «Бір бағамен екі тауар» акциясын ұйымдастыра берсе, әрине, ол тұрғындарға кері әсер етеді. Сондықтан қымбат болғанымен денсаулыққа пайдалы тағамдардың қолжетімлілігін арттыру маңызды, — дейді  Нита Форухи.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Michael Young)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!