Валюталық қарызды қайта қаржыландыруға 15 шілдеге дейін өтініш беру керек

2019 жылдың 15 шілдесінде валюталық қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі аяқталады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банктің мәліметінше, ипотекалық қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк 2015 жылдан бастап Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асырып жатыр.

2019 жылғы 1 наурызда банктер бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 162,5 миллиард теңгеге 26,2 мың қарызды мақұлдады, оның ішінде жалпы сомасы 142,8 миллиард теңге болатын 24,5 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты қазіргі уақытта қарызды қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін ақша есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар ақша игерудің револьверлік тетігін ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болуы мүмкін, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздары жөніндегі мәселені түпкілікті шешуді тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық банк басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда жаңа редакциямен бекіткен бағдарлама 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруды көздейді.

Қарыз Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс екенін еске саламыз. Бағамдық айырма сомасы (шамамен 156 миллиард теңге) Ұлттық банк қаражаты есебінен өтеледі. Банктер мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде қарыз алушылардың 136 миллиард теңгеден асатын сомада сыйақысы, комиссиялары, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін кешіретінін хабарлаймыз, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2019 жылғы 1 наурызда банктер 56,4 миллиард теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 6,7 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 42,2 миллиард теңге сомаға 5,3 мың қарыз қайта қаржыландырылды.

Ұлттық банк қайта қаржыландыру мерзімінің аяқталуына 4 айға жуық уақыт қалғанын еске салады. Одан кейін банктер қарыз алушыларға берешекті өндіріп алуға бағытталған, заңнамада көзделген шараларды қолдануға құқылы. Валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей кредитор банкке өтініш беруі қажет.

Бағдарламаны жүйелі талдау нәтижесіне қарағанда қосымша мемлекеттік қолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар, жалғыз мүлкін банк балансына берген қарыз алушылар мұқтаж. Бұл топтағы қарыз алушылардың көпшілігі үшін әлеуметтік төлемдер мен бюджеттен жәрдемақылар, оның ішінде қарызға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтін атаулы әлеуметтік көмек — кірістің жалғыз көзі.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарыз алушыларды қосымша қолдаудың талаптарын әзірлеу және қарыз алушылардың меншігіне банктер балансында тұрған тұрғын үйді қайтару үшін Ұлттық банкте жұмыс тобы құрылды. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері және қоғамдық бірлестіктердің басшылары кірді. Сұрақтар туындаған кезде қарыз алушыларға Қазақстан Ұлттық банкінің және банктердің олардың аумақтық тиесілігіне сәйкес тиісті филиалдарына жүгінуді ұсынамыз, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бағдарлама талаптарын Ұлттық банктің сайтынан білуге болады. Мәселелер туындаған кезде Алматыдағы «Көктем-3» ықшамауданы, 21-үй мекенжайы бойынша немесе [email protected] электрон поштасы мекенжайы бойынша ресми хат жолдауға болады. Алматыдағы Әйтеке би көшесі, 67-үй мекенжайында Ұлттық банктің қоғамдық қабылдау бөлмесі де бар. (Байланыс телефоны (+7 (727) 2 788 104 (ішкі нөмірлер: 5573, 5571). Қазақстанның басқа өңірінің тұрғындары Ұлттық банкінің аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінуі қажет.