Асқар Мамин Алматы облысының су тасқынына дайындығын тексерді

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қорғас өзенінде селден және су тасқыны қаупінен қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерді. Ол Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының мамандары құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы баяндалып, арна қалыптастыратын және сел тасқынынан қорғану құрылыстарын салу жобасын таныстырды. «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев көпір құрылымын қорғау мақсатында еріген қар суларын өткізу үшін өзен арнасы бойымен жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанын, патрульдық-трактор жолымен Шүкірбұлақ бөгетінен Қазанкөл көліне дейін жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын құрылыс жүргізіліп жатқанын айтты. Төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген.

Премьер-министр Қазақстан–Қытай шекарасында елдер арасында тауар айналымын ұлғайтуға, ҚР транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған Орталық Азиядағы аса ірі «Нұр жолы» өткізу пунктіне және «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портына барды.

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап инновациялық технологиялардың арқасында, шекара арқылы күн сайын 2 500-ге жуық көлік құралы, оның ішінде 2 200 жүк және 300 жолаушылар көлігі өтеді. Өткізу пунктінен тәулігіне 5 000-ға дейін көлік өтеді. Бұл орайда, көлік ағындарын бөлу процесін автоматтандыру жүк көлігінің өту уақытын 40 минутқа дейін қысқартуға (тіркеуден бастап өткізу пунктінен шығарғанға дейін) мүмкіндік берді. Шекарадан кідіріссіз өтудің бұл жүйесі ТМД аумағында алғаш рет енгізілген. Жобаны іске асыру 2020 жылға қарай орта есеппен 20,3 миллиард теңге көлемінде қаржының түсуін қамтамасыз етеді.

«Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын көру барысында Асқар Маминге индустриялық парктерді іске асыру жоспарлары таныстырылды. Премьер-министрге қойма терминалдары мен биыл сәуір айында пайдалануға берілетін екі құрғақ қойма көрсетілді. Сондай-ақ, қосымша мультитемпературалық қойманың ашылуына қатысты жоспарлар таныстырылды. Қоймалар жұмысын автоматтандыру мәселесі талқыланды.

Осы жерде Асқар Маминге жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысының негізгі көрсеткіштері және жаңа нысандардың жобалары таныстырылды. Қуаттылығы жылына 60 мың тонна болатын «Феникс Фид Миллс» қоспа жем шығаратын зауыт биыл сәуір айында пайдалануға беріледі. 87 жұмыс орны ашылады. Өткен жылы қарашада іске қосылған «Заря Ltd» астық терминалы көрсетілді. Элеватор кешені 15 мың тонна жүгері дәнін бір мезеттік сақтауға (одан әрі екінші желіні 30 мың тоннаға кеңейтумен), оны сәйкес сұрыпталғанға дейін жеткізуге арналған. Өнім Өзбекстанға экспортталады. Қазіргі уақытта ҚХР нарығына шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына барды. Премьер-министрге ХШЫО аумағындағы келушілерді, тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі таныстырылды. Бұл жоба кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға жол ашады. Мұнда күніне 100 тоннаға дейінгі көлемдегі жүкті өңдей алатын жүк терминалының жұмысы қаралды.

Еске сала кетейік, Орталық аумағында адамдар, тауарлар мен көліктер еш виза рәсімдеусіз, емін-еркін қозғалыс жасай алады.

Бұдан өзге, Асқар Мамин «Қорғас» ХШЫО аумағында орналасқан қазақстандық сауда нысандарын аралады. Оларға қатысты қолданыстағы салық жеңілдіктері ҚХР-мен тауар айналымында экспорт үлесін арттыруға және ШОБ дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, жұмыс сапары барысында Премьер-министрге Нұркент жаңа қаласын тұрғызудың алдағы жұмыстары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Елді мекенде тіршілікті қамтамасыз ету, соның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу барысы туралы ақпарат берілді.