4-6 сәуір күндері Қазақстанда күн суиды. «Қазгидромет» синоптиктері алдағы үш тәулікте ауа райы қандай болатынын хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, Жерорта теңізінің белсенді циклоны бұған дейін ел аумағында жаңбырға себеп болды, Қазақстанның батысында нөсер жауды. Алдағы тәулікте бұл циклон толығып, шығысқа қарай жылжиды, ал онымен байланысты атмосфералық фронттар республикамыздың көптеген облысында тағы да жауын-шашынға, әсіресе, жаңбырға, желдің күшеюіне себеп болады.
Солтүстік облыстарда жаңбыр жылбысқы қарға ұласуы мүмкін, оңтүстік облыстардың кей жерлерінде толассыз жаңбыр мен бұршақ жауып, найзағай ойнайды. Циклон мен суық фронттардың артынан Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік аймақтарынан антициклон келіп, елімізде ауа температурасын төмендетеді. Республикамыздың солтүстік бөлігінде түнгі температура 0-ден 5 градус аязға дейін төмендейді.