Мәскеуде Қасым-Жомарт Тоқаевты Иманғали Тасмағамбетов қарсы алды

Президент ұшағы Мәскеудің "Внуково-2" әуежайына Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 14.00-де қонды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде. Фото: "РИА Новости"

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды. Бұл – оның шетелге Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы ресми сапары.

“РИА Новостидің” хабарлауынша, Президент ұшағы Мәскеудің “Внуково-2” әуежайына Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 14.00-де қонды. Қасым-Жомарт Тоқаевты РФ Сыртқы істер министрі протокол департаментінің басшысы Игорь Богдашев пен Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов қарсы алды.

Қазақстан Президентін қарсы алған Құрмет қарауылы Қазақстан мен Ресейдің гимндерін орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде. Фото: Аkorda.kz

ҚР Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді, сонымен бірге Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен және Ресейдің зиялы қауым өкілдерімен кездеседі.

Қазақстан Президенті сонымен бірге Белгісіз жауынгердің бейітіне гүл қояды.

Ресми сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімде жасайды және екіжақты құжаттарға қол қояды.