Іле Алатауы паркінің 5 учаскесі жалға беріледі

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы 5 жер телімі мемлекеттік байқау арқылы жалға беріледі. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.

Телеарнаның мәліметінше, жалға берілетін жер телімдерінің төртеуі «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысына арналған. Оның жалпы аумағы — 134,4 гектар.

Демалыс орнындағы жер теліміне қатысты тендерлік комиссия алдағы 15 күн ішінде жер телімдері құжаттарының дұрыс-бұрыстығын тексереді. Содан кейін олардың қанша мерзімге жалға берілетіні туралы шешім шығарылады.

Кейін бір жылдың ішінде курорттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Жоба 3 жылда аяқталуы тиіс. Мамандар флора мен фаунаға зиян келмеуіне көңіл бөлеміз деп отыр.

Өсімдіктер мен жануарларға зияны тимейді деп айтуға болады. Қазір туризм саласын қарқынды дамытуымыз керек. Қоғамдық кеңесте жобаның бас жоспары талқылаудан өткен. Экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар. Сол үшін алаңдауға негіз жоқ деп айта аламын, — дейді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.

Айта кетейік, «Көкжайлау» курортына қарасты 134,4 гектар аумақтың 17 гектары автомобиль жолдарына, 5,8 гектары су бөгетіне, 67 гектары шаңғы трассасына және 0,1 гектары аспалы жолға бөлінеді.

ДереккөзАlmaty.tv