Дмитрий Баландиннің автокөлігінен кімнің айна ұрлағаны полицияға белгілі

Алматы полиция департаменті Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің автокөлігінен айнаның ұрлануы фактісі жөнінде түсінік берді.

Азамат Дмитрий Баландиннің автокөлік айнасы ұрлануы фактісі бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қаланың криминал полиция басқармасы қызметкерлерімен бірге осы қылмысты ашуға бағытталған шұғыл іздестірулер және арнайы шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Бейнебақылау камералары мәліметі талданды. Күдіктінің кім екені анықталды. Оны ұстау — уақыттың ісі. Қазіргі кезде шұғыл қызметкерлер ұрланған айнаны іздеуді және тәркілеуді қолға алды. Соған байланысты ұрланған мүлік сатылуы мүмкін орындар тексеріліп жатыр, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Криминал полиция басқармасының мәліметінше, бір күн бұрын күндіз дәл сол жерден Range Rover маркалы автокөліктің айнасы ұрланған. Тергеу жүріп жатыр.

Суға жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мініп жүрген Toyota Land Cruiser автокөлігінің қапталындағы айна 31 наурызда ұрланған. Оқиға орны — Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысы, Денис Тен дәл осы жерде автоұрылардың қолынан қаза тапқан еді. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин ұрлық камераға түсіп қалғанын хабарлады.

Алматыда жылдың басынан бері автокөлік тонаумен айналысқан 30-дан астам адам ұсталып, 3 қылмыстық топ жойылған.