Жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қолданыстағы заңнама бойынша қазақстандықтар үшін жалпыға бірдей декларациялауды 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу қарастырылған еді. Соған байланысты заңнама базасын, ақпараттық жүйелерді дайындау, уәкілетті органдардың мәлімет базасын өзектендіру, өңірлерде пилоттар жүргізу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Қарағанды облысының Осакаров ауданында жүргізілген пилоттың нәтижесінде бірнеше мәселе анықталды, оларды шешуге қосымша уақыт қажет. Сол себепті ведомство Үкіметке жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу жөнінде ұсыныс жасады.
Бірінші кезеңде — 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары немесе соларға теңестірілген адамдар декларация тапсыруы керек.
Екінші кезеңде — 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік кәсіпорын жұмысшылары (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары қызметкерлерін қоса алғанда) мен олардың жұбайлары тапсырады.
Үшінші кезеңде — 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлға басшылары мен олардың жұбайлары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы керек.
Төртінші кезеңде — 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаты тапсырады.
Әр кезеңнің нәтижесі талданып, проблемалар анықталып отырады және заңнаманы әдістемені, ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта заңнамаға жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу жөнінде түзетулер дайындалып жатыр. Олар белгіленген тәртіп бойынша Парламенттің қарауына жіберіледі.