Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, келісімде экономиканың тұрақты өсімін және бағаның тұрақты деңгейін қамтамасыз ету бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп атқаратын қызметінің 10 негізгі міндеті анықталған.
1) Теңдестірілген салық-бюджет саясаты — Үкімет құзыреттілігінде.
2) Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау шаралары
Ұлттық банк төменгі инфляцияны қолдауға басымдық бере отырып, инфляциялық таргеттеу режимін және еліміздің экономикалық дамуының тұрақтылығын және халықтың тұрмыс деңгейінің өсуін сақтайды.
Инфляция бойынша мақсатты бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6% дәлізді сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-3,5%-ға дейін төмендетіп, оны ұзақмерзімді келешекте сақтау көзделеді.
3) Валюта нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету
Ұлттық банк теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр. Ол валюта сауда-саттығына араласпау саясатын сақтай отырып, икемді өктемділік жасауға құқылы болады.
4) Экономиканы қорландыру қолжетімділігі
Институционал инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға баса назар аударылады. Баға белгілеудің тиімділігін арттыру үшін банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығында нарықтық индекстер мен индикаторларды қалыптастыру қамтамасыз етіледі.
5) Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту
Қаржы министрлігінен кірістілік қисығының ортамерзімді және ұзақмерзімді сегменттерін құру үшін өзінің бағалы қағаздарының шығарылымдарын қысқартуды және ірілеуді қамтамасыз етуді сұраймыз. Мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізіледі, бұл шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға және өзара қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді, — деді Ерболат Досаев.
6) Экономиканы дамытуды қаржылық қолдау бағдарламалары
Ерболат Досаевтың айтуынша, мұнда негізгі роль Үкіметке тиесілі. Қазақстан Ұлттық банкі үш бағдарламаны іске асыруға күш жұмсайды.
Қазақстан Ұлттық банкі «7-20-25» бағдарламасы бойынша бағдарламаны бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруды жалғастырады. Қарыз алушыларға 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады. Банктердің 600 миллиард теңге көлеміндегі ұзақмерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Ерболат Досаев.
7) Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру
Ұлттық банктің мәліметінше, қамтамасыз етілген кредиторлардың басым құқығын іске асыру кәсіпорындарды және банктердің несие портфелін қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Жоғары сот органдарымен бірге банкроттық саласындағы құқық қолдану тәжірибесін пысықтау бойынша жұмыс жалғастырылады.
8) Қаржы жүйесінің тұрақтылығы
Банк жүйесін нығайту жұмысы жалғастырылады. Ұлттық банктің соңғы саты кредиторының функциясын толық іске асыруы маңызды болмақ.
9) Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту
Қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімдігін арттыру және олардың инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданады. Ірі мәмілелер бойынша есеп айырысу қолма-қол ақшасыз нысанға аударылады.
10) Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру
Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Ұлттық банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізу жөнінде, оның ішінде Ұлттық банктің мандатын кеңейтуді көздейтін тиісті ұсыныс жасайды. Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылдары келісімнің аталған бағыттарымен шектелмейді. Үйлестіру тұрақты түрде мониторинг жасау, қабылданған және ұсынылған шараларды талқылау арқылы жүзеге асырылады.