22 наурыз күні Алматыда Nowryz Party ашық отбасылық көктемгі фестивалі өтті. Тиіннің әлемдегі ең үлкен мүсіні бұл жолы басына тақия киіп, қолына гүл ұстаған күйі қала тұрғындары мен қонақтарын жылы шыраймен қарсы алды.

Тиіннің жанына жиналғандардың қарасы көп болды. Олардың көбі — «Атакент» орталығы алдындағы ашық алаңға жақын тұратындар. Тұрғындар фестивальдің ұйымдастырылатынын әлеуметтік желіден біліп келіпті.

Наурыз мейрамын тойлауға жиналған қауымды әуелі ақ жаулықты әжелеріміз күтіп алды. Олар Жаңа жыл қарсаңында айналамыз жағымсыз күштен арылсын деген ниетпен қолына от алып, «Мың бір бәле мен жүз бір қатерден алас, Жаңа жылға жақсылықпен қадам басайық» деп аластай бастады. Бұл — халқымыздың от түрлі бәле-жаладан сақтайды деген ниетінен туған сенім.

Әрі қарай Nowryz Party жүргізушілері ата-баба дәстүрін жалғап, келген қонақтардың бір-бірімен құшақтасуын өтінді. Наурыз — жақын жандардың бар ренішті ұмытып, татуласатын, өмірді жаңадан бастайтын сәті. Фестивальді ұйымдастырушылар мерекеде ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындарды жаңғыртуды да ұмытпады.

Қасымхан Беспаев 10 жаста. Ол бұл фестивальге әкесімен және әпкесімен келіпті. Қасымхан ұлттық ойындарымыздың бірі арқан тартуға қатысып, нағыз мерекелік көңіл-күйді сезіне алды.

Қасымхан Беспаев. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әлеуметтік желіден «Атакентте» Наурыз тойланатынын көріп, осында келдік. Мерекеге сай болайын деп, қазақы баскиім киіп алдым. Арқан тарту ойынын бұрын да ойнағанмын. Бүгін тағы да бар күшімді салып, бақ сынап көрдім. Мұнда менімен жасты балалар көп жиналыпты. Әлі басқа да ойындарды ойнап көремін, — деді Қасымхан.

Отбасылық фестивальде арқан тартудан басқа теңге алу, асық ату сияқты ойындар ойнатылды. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер көпшілікті «Қаражорға» биіне шақырды. Алаңдағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін «Қаражорғаға» билеп, бір серпіліп қалды.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Nowryz Party отбасылық фестиваль болғандықтан алаңда бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына арналған түрлі мастер-кластар да өткізілді.

Қала тұрғыны Ботагөз Сарбөпеева алып Тиіннің жанына төрт қызын ертіп келіпті. Оның айтуынша, бүгінде Тиін Алматының жаңа символына, халық көп жиналатын орынға айналды.

Ботагөз Сарбөпеева қызымен
Ботагөз Сарбөпеева қызымен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мерекеде ата-аналар мен олардың балаларына арналған осындай мастер-кластарға қатысқан ұнайды. «Атакентте» мұндай шаралар жиі болып тұрады. Бұл осы маңда тұратын біз үшін тіпті жақсы болды. Кез келген мерекеде қыздарымды ертіп осында келемін. Мұндай қыдырулар отбасылық дәстүрге айналған. Наурызкөже ішіп, тәтті бауырсақтан ауыз тиіп, нағыз мерекені сезіну балаларым үшін маңызды. Оның үстіне мейрамда наурызкөжені тойып ішсең, жыл бойы тоқ жүресің дейді. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Биыл — Жастар жылы. Ендеше, жастар өмірде өз орнын тауып, мемлекетіміздің көркеюіне атсалыса берсін. Бүлдіршіндер бақытты болып, еліміз берекелі-мерекелі болсын, — деп тілек білдірді Ботагөз Сарбөпеева.

Мерекелік шараны Dj Light Monday, Arsen Superfly, Нариман Исенов және «Атман» ұлттық аспаптар ансамблі әуенмен көркемдеді. Олар ұлттық музыкаға жаңа заман ырғағын қосты.

“Атман” ұлттық аспаптар ансамблі
“Атман” ұлттық аспаптар ансамблі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сонымен қатар балалардың «Жан дауыс» вокал студиясы аясында жас өнерпаздар көпшілік алдында ән шырқады. Жиналған көрермен олардың қадамына қуанып, қол соғып, қошеметтеді.

Сәуле Дүйсембинаның «Сәукеле» авторлық арт-объектісі «Атакенттегі» Наурыздың ерекше символы болды. «Сәукеле» пластик бөтелкелерден жасалған. Мерекені тойлауға келгендер арт-объектінің жанында фотоға түсті.

«Сәукеле» арт-объектісі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Nowryz Party отбасылық фестивалінде мерекені атап өтуге камзол-шапанын киіп, немерелерін ертіп келген ата-әжелер аз болмады. Олар «енді-енді жаңғырып келе жатқан дәстүріміз бен тіліміз өшпесе екен» деген тілегін айтты.

Nowryz Party
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Алматыға ауылдан қыдырып келдім. Керісінше, балам Наурызды туған жерде тойлаймын деп ауылға кетті. Бүгін қызым мен немеремді ертіп, осында келдік. Осындай шараның ұйымдастырылғаны жақсы, әрине. Тек мұндай мерекелік шара қазақ тілінде жүргізілсе екен деген тілегім бар. Халқымызға бақыт, ынтымақ, береке тілеймін. Жастарымыз халықтың мұң-мұқтажын айтатын батыл болғанын қалаймын, — деді Жәмила Момбекқызы.

Nowryz Party. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Наурыз мейрамына келген қонақтарға тәтті бауырсақ таратылды. «Тілектердің тотемдік жұлдыз-жорамалы» флешмобында әркім өзінің тілегін ленталарға жазып, оны жыл басы болып есептелетін жануарларға байлады. Мұнысы жазылған тілек осы жылы міндетті түрде орындалады деген сенім болды.

Бүлдіршіндер алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болды. Отбасылық фестивальде қажетсіз заттарды қалдырып, орнына өзіңе қажеттісін алуға болатын «Дармарка» да ұйымдастырылды. Ал кешке қарай қала тұрғындары мен қонақтарын Zumba биінен мастер-класс пен фаер-шоу күтіп тұрды.

Nowryz Party, алтыбақан
Алтыбақан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Фестивальді Funk креатив агенттігі Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Ақпараттық демеушілер — Baribar.kz ақпараттық-танымдық порталы мен «Курсив» іскерлік порталы.