Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде ең әуелі кімдермен кездесті?

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминмен кездесу

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Үкіметтің биылғы 2 айда атқарған жұмысының нәтижелері туралы баяндады.

Ұсынылған мәліметтерге қарағанда биылғы қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өндірісі 2,7%-ға, ауыл шаруашылығы 3,6%-ға, құрылыс 2%-ға, қызмет көрсету саласы 3,9%-ға өскен. Экономиканың түрлі салаcының да жақсара түскені байқалады.

Қазақстан Президенті Ұлт жоспары аясындағы құрылымдық және институционалдық реформаларды, сонымен бірге Тұңғыш Президент — Елбасының жолдаулары мен тапсырмаларында қамтылған әлеуметтік саладағы шараларды сапалы жүзеге асыруды, бюджет қаражатын тиімді игеру тұрғысынан негізгі мемлекеттік бағдарламаларды орындауды, экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды, еліміздің жекелеген аймақтарында су тасқынына тосқауыл қою шараларын жедел қабылдауды тапсырды.

Премьер-министр Мемлекет басшысына Үкімет тарапынан бюджеттік міндеттемелер мен әлеуметтік бастамалардың барлығының толықтай орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуін болдырмау және экономикалық өсімнің сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге бірқатар нақты тапсырма берді.

Президент Әкімшілігі басшылығының қатысуымен өткен жиын

Жиынға Президент Әкімшілігінің басшысы, оның орынбасарлары, Президенттің көмекшілері қатысты. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын барысында ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық даму, сонымен бірге қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қазақстан Президенті осы саладағы және халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызы бар басқа да салалардағы бағдарламаларды сапалы орындауға баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыт бойынша туындайтын проблемаларды шұғыл әрі тиімді шешудің маңызын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тиісті жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығына тоқталып, Президент Әкімшілігіне барлық тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаевпен кездесу

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бақытжан Сағынтаев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бақытжан Сағынтаев. Фото: Аkorda.kz

Кездесуде Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қазіргі жұмыстары жөнінде, ұлттық және мемлекеттік мейрамдарды мерекелеуге дайындық барысы туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік хатшыға «Нұр Отан» партиясының съезінде айтылған барлық тапсырманың орындалуына, стратегиялық бағдарламалар мен бастамалардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевпен кездесу

Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің валюта-қаржы нарығындағы ахуалы мен алтын-валюта қорының жағдайы туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұруға және валюта айырбастау орындарындағы алып-сатарлық операциялардың алдын алуға бағытталған ақша-несие саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері мен алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы баяндалды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасына валюта нарығының, банк секторының және қаржы нарығының басқа да сегменттеріндегі ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен кездесу

Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына еліміздің Қарулы Күштерінің қазіргі жағдайы, министрлік қызметінің стратегиялық бағыттары, армияның қорғаныс қабілетін арттыру және әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесу

Бас полицей Қазақстанның жаңа басшысына ведомствоның қазіргі қызметі мен елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Сонымен бірге Ерлан Тұрғымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі істер органдарын реформалау және министрліктің жеке құрамын кезектен тыс аттестациядан өткізуге әзірлік барысы жөнінде баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті оған да нақты тапсырма берді.