Астана мәслихаты Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімді қолдады.

Қала әкімдігі Президенттің біздің ұлы замандасымыз, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін ұлықтау туралы ұсынысын толық қолдайды. Бізге қала тұрғындарынан, еңбек ұжымдарынан осы бастаманы қолдаған хаттар түседі. Мысалы, әлеуметтік желілерде маған тұрғындардың бірі “астананың жаңа атауы қаланың жаңа жеңісінің бастауы болады” деп жазды. Ол “Нұрсұлтан – мықты есім” деді. Әкімдік жаңа Мемлекет басшысының бастамасын қолдайды, біз сіздерге де Президент Тоқаевтың бастамасын қолдауды және астанамыздың дамуына жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына атсалысуды ұсынамыз, – деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов мәслихат депутаттарына.

Дауыс берудің нәтижесінде депутаттар мәслихаттың кезектен тыс 46-сессиясында Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы шешімді қолдады. Астана мәслихатының депутаты Зәуре Жүсіпованың айтуынша, бұл ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияға келісуге жіберіледі.

Әзірше ұсыныс кириллицамен түсті. Оның есімі Нұрсұлтан деп жазылады, ал қаланың атауы дефис арқылы “Нұр-Сұлтан” деп жазылады. Шынында өте әдемі естіледі, үлкен мағынасы бар, сондықтан жеке өзіме бұл өте жағымды, – деді ол қаланың жаңа атауы туралы.

Еске салайық, Үкімет Президентке Астана атауын өзгерту мақсатында Конституцияға түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізуді ұсынған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын өзгерту туралы ұсынысты Парламенттің референдумсыз қарауына жіберді. Конституциялық кеңес бұл шешімді қолдады. Парламент Астананы Нұр-Сұлтан деп қайта атау туралы шешімді мақұлдады.

Ең әуелі Астанаға Тұңғыш Президент есімін беруді 20 наурыз күні Қазақстанның екінші Президенті ретінде салтанатты жағдайда қызметке кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.

Мұндай ұсынысты депутаттар бұған дейін 2016 жылдың 23 қарашасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай айтқан еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!