Биыл Наурыз мерекесі Алматыда Тиін мүсінінің жанында тойланады. Тиін мүсіні Алматының ең көрнекті орындарының біріне айналып кетті. Сол себепті бұл жолы алматылықтар мен қала қонақтарының Наурызды дәл сол жерде тойлайтыны таңсық емес.

Наурызға орай Тиін де имиджін өзгертті. Басына тақия киді, жаңғақ орнына қызғалдақ ұстап тұр. Мереке жақындап келеді, тойға дайын Тиін тықыршып тұр.

Nowryz Party отбасылық көктемгі фестивалі Алматы өмірінің дамыған қалаларға тән биік сапалы мәдениетке айналуына үлес қоспақ. Бұл — жергілікті биліктің қаланы тұрғындар мен меймандарға жайлы ету саясатының бір көрінісі.

22 наурызда Тиіннің жанына киізүй орнатылады, алаңда ұлттық тағамға толы дастархан жайылады, өнер шеберлері ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды, зергерлер әшекей бұйымдарын, киізүй жабдықтарын жасауды үйретеді.

Бұған дейін де хабарлаған едік — Сәуле Дүйсембинаның «Сәукеле» авторлық арт-объектісі фестивальдің ерекше декоратив элементі болады.

Қонақтар сағат сайын тегін тамақтан ауыз тие алады: бауырсақтар мен дәмді палау үлестіріледі. Фестиваль аясында №1 Импровизация театры артистерінің қойылымдары көрсетіледі.

Ұлттық спорт түрлерінен жарыс болмаса, Наурыз тойының сәні келе ме?! Nowryz Party отбасылық көктемгі фестивалінде асық атып, арқан тартыса алады, қыз қуу, түйме алысу, орамал лақтыру сияқты басқа да ойын-байқауларға қатыса алады.

Бүгінгі Алматы — дәстүрлер мен жаңа жетістіктердің бірегей үйлесімі. Сондықтан ультразамануи моноциклистер шоуы Nowryz Party концептіне өзіндік әр береді. Нариман Исенов, Arsen Superfly, Light Monday сияқты диджейлер мерекені номад стиліндегі музыкамен сүйемелдейді. Бұл күні этникалық сарындар jazz, funky, rock және fusion сияқты қазіргі заманғы музыкалық ағымдармен жарасым табады.

Nowryz Party  отбасылық көктемгі фестивалі — Наурызды өткізудің стандарттан тыс тәсілі, атап айтқанда, дәстүрді дизайн, өнер, интерактив арқылы қазіргі заманға сай ұсыну. Фестиваль қала тұрғынына салт-дәстүрді қазіргі заманғы өмір салтымен ұштастыруға мүмкіндік береді және заманның батыл үндестігін жасайды, — дейді фестивальді ұйымдастырушылардың бірі Майра Измайлова.

Фестивальді Funk креатив агенттігі Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Ақпараттық демеушілер: Baribar.kz ақпараттық-танымдық порталы мен «Курсив» іскерлік порталы.

NowRyz Party-дің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары:

Facebook:

Art Energy Almaty – https://www.facebook.com/artenergyalmaty

Instagram:

@artenergykz – https://www.instagram.com/artenergykz