Өткінші дүниенің есебін түзу
Күн мен түнді теңеп, жылдың бастауы болған Наурыз мейрамы халықтың көңілін көтереді, жадыратады, тынықтырады. Ел арасында адамдардың бір-біріне деген барыс-келісін күшейтіп, ынтымағын нығайтады.
Наурызды қазақ қана емес, түркі және иран халықтары жылдың басы ретінде тойлайды, бірақ қазақ халқының ұлыс күнінде атқаратын көп салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ерекше.
Бұл мереке қазақта 1-2 күн емес, 10 күнге дейін, тіпті бір айға дейін тойланған. Қазақ халқы ауыл-ауылға қыдырып, қонақ шақырысқан, құда түсіп, келін түсіріп, қызға ұрын барған. Осындай салттың бәрі ұлыс мерекесіне орайластырылған. Өйткені халқымыз осы кезде басталған жұмыстың жаманы болмайды деп қараған.
Сондықтан қазір де Наурыз мейрамында қоғамдық өмірдің түрлі саласы бойынша игі іс істеліп, жоқ-жітік пен жетім-жесірге әлеуметтік көмек берілуі керек, қайырымдылық жасалуы керек.
Ұлыс күні қазақтың есепшілері батқан және шыққан Күнге, туған Айға, жұлдыздарға қарап, ауа райын болжаған.
Наурыз мерекесінде күн жайнап-жадырап шықса, немесе ақшақар жауса, халқымыз «ырыс жауды, аспаннан нұр жауды, бұл жыл есен болады, мол өнім болады, мал мен бас қатар өседі» деп жорыған. «Ұлыс күні жаңа жауған қарды сыпыруға болмайды. Құт-береке қашып кетеді» деген де болжам бар халқымызда.
Қазақтар бұлт қалай ауғанына, оның қою-сұйығына мән беріп те, ауа райын болжап отырған. Көктемде көшіп барған жеріне, үйдің алдына бақан тастап қояды. Ол шөптің астында көміліп қалса, «биыл жыл есен болады екен» деп есептеген. Бақан тастаған жерде шөп көктемей жатса, «биыл көктем жай туады, жаз жайсыз болады екен» деп, қысқа көктемнен бастап дайындалған. Сонымен қатар халқымыз наурызда жаңа жауған қарға құмалақ тастап, ол қарға сіңіп кетсе, «жыл есен, мал күйлі, жаз жайлы болады екен» деп, алаңсыз өмір сүрген. Құмалақ батпай қалса, «көктемнің суығы қатты, жазында қуаңшылық болады» деп жорып, малдың күй-жайын ерте ойлаған.
Қазақ тұтастай мал, егін, құс шаруашылығымен айналысқандықтан өмірі ауа райына тікелей байланысты болған. Сондықтан ұлыстың ұлы мерекесінде ауған бұлтқа, көктеген шөпке, судың деңгейіне, Күннің шығуына, Айдың батуына қарап отырып, жылдар бойғы есеп жасаған.
Ұрпаққа дәстүрді беру
Ұлыс мерекесі деген ұлан-асыр той жасап, ішіп-жеп, ат шаптырып, сауық өткізу емес. Оның мән-мағынасы жас буынның ойына қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін сіңдіруде. Ата-бабамыз табиғаттану, жаратылыстану, адамтану, өзін-өзі тану деген үлкен ұғымдарды осы Наурыз мерекесінде жас ұрпаққа кеңінен таныстырып отырған. Балалардың үй аралап көже ішуі, оларға базарлық пен көрімдіктің берілуі ұлттық санаға әсер етеді.
Мерекеде «Бестас», «Асық», «Шешек», «Көкпар», «Арқан тартыс» ойындары ұйымдастырылып, балалар бұл күні ойынға қанса, үлкендерден бата алып, жайраң қақса, таныс достар тауып қуанса, ел аралап, ақылды адамдардан тағылым тыңдаса, дәстүрдің бәрі санасында қалыптасады.
Халқымыз көктемде нағашы жұртын, қайың жұртын, өз жұртын — барлығын шақырып, тайқазаннан көже ішіп, ауыр қыстан серпілген, малдың ауызы көкке, адамның ауызы аққа тиген, жадырап-жайнап келген алғашқы мерекені осылай қарсы алған.
Батаның бақытына бөленген ұрпақ жыл бойы көңілді боп, шаттанып жүреді. Сондықтан жылдың басында бата алуға халқымыз «бақыттың шамы» деп қараған. Үлкендерден бата алу — бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тамаша дәстүр. Жол жүргенде, ұлы істерді бастағанда, қыз ұзатқанда, ұлды үйлендіргенде, ат мініп, бәйгеге қосыларда, күреске түскенде, ақындар айтысқа барғанда, кез келген қимылға ақ басты атадан, ақ шылауышты анадан бата алу салты болған.
Ұлыс күні алған бата «бастау бата» деп аталады. Қазақ халқы бастау батаны алмаған адамның жұмысы сәтсіз болады деп ырымдаған. Сондықтан үлкендерден бата алу — ұлыс күнгі маңызды істің бірі. Амандасу, көрісу, жүздесу, төс қағысып, іздесу, реніштерді кешіру — барлығы да осы ұлыс күнде атқарылатын маңдайалды жұмыс.