«Мен Малаламын»

Білім үшін күрескен және талибандардың оғына ұшыраған қыздың оқиғасы

Мен Малаламын
«Мен Малаламын» кітабы. Фото: Reuters

Кітап басылып шыққан күні талибандардың өкілі Шахидулла Шахид The Daily Nation атты пәкістандық басылымға берген сұхбатында «Егер тағы бір мүмкіндік туатын болса, біз оны міндетті түрде өлтіреміз. Ислам кісі өлтіруге тыйым салады, бірақ дінімізге қарсы соғыста күпіршілерді қолдайтындарды бұл қатарға кіргізбесек болады», — деп мәлімдеген еді.

2012 жылы 9 қазанда Малала Юсуфзай мектеп автобусымен үйіне қайтып бара жатқан. Автобусты бетперде киген, қаруланған бір топ адам тоқтатады. Оның бірі автобусқа мініп, араларында кімнің Малала екенін сұрайды. Анықтаған соң Малалаға қару кезеп, оқты басына, мойнына тигізеді, оқ арқасын да тесіп өтеді. Бірақ аман қалады.

Малала Юсуфзай — әлемдегі барлық қыздың білім алуға тең құқылы екеніне бастама көтерген пәкістандық құқыққорғаушы. Нобель сыйлығының әлемдегі ең жас лауреаты. Кітап — оның әскери тілші Кристина Лэмбпен бірге жазған автобиографиясы.

Малала Юсуфзай, Барак Обама
АҚШ Президенті Барак Обама мен бірінші ханым Мишель Обама Ақ үйде Малала Юсуфзаймен кездесіп отыр, 2013 жыл. Фото: Википедия

Жергілікті халықта қызға білім алу қажет емес, олар ұл балалармен бірге мектепке бармауы тиіс деген түсінік бар. Малаланың әкесі — мектеп директоры, ұстаз. Ол барлық баланың бірдей білім алғанын қалады. Елдегі бейберекетсіздікті білім ғана жеңе алатынына сенді. Сол идеясымен мектеп ашты, қызын да қоғам белсендісіне айналдырды.

Малала 2009 жылы 11 жасында BBC-де псевдониммен тұрақты түрде блог жүргізуді бастайды. Оның блогын әлем назардан қалдырмай оқып отырды. Онда жергілікті тұрғындардың талибтердің қатаң тәртібінде қалай өмір сүретіні, олардың Сват алқабын басып алуға қалай әрекет етіп жатқаны жайында ақпарат беріп отырды. Ашық та әрекет етіп, әкесі екеуі жиындарда сөз сөйлеп, түрлі шара өткізіп жүрді. Бұл талибтердің ашуын туғызды.

Кітапта дінді қалай құралға айналдырып, кезінде бейбіт өмір сүрген халықтың күл-паршасы қалай шыққаны жайлы әңгімеленеді. Медианың (Молданың радиосы) халықты арбап, үйлеріндегі бар қазынаны, соңғы ақшасын соғысқа беруге қалай оңай көндіргені, терроризмнің түрлі әдіс-айласы, жергілікті тұрғындардың бастан кешіп жатқандары туралы жазылған. Кітап сонысымен әлем жұртшылығын ерекше қызықтырды.

«Батпырауық ұшырушылар»

Ауғанстанда бала көп, балалық аз

Батпырауық ұшырушылар, Халед Хоссейни
Фото: Аylanoor.kz

Бұл — әлем бойынша қазір ең көп оқылып жатқан кітаптың бірі.

Кітапта жаһандық тақырыптар қозғалғанымен тілі өте жеңіл. Бір демде оқып шығасыз. Басты кейіпкердің прототипі — автордың өзі, Халед Хоссейни. Бірақ оқиғалар ойдан құралған деседі. Дегенмен оқырманның көбі автордың басынан кешкендері деп сенеді. Өйткені кітапта шынайылық басым, әсіре жоқ.

Кітапты үреймен де оқисыз. Экранизацияланған. Кітап пен кино сюжетінде мысқалдай айырмашылық жоқ. Шығарма 70 елге таралған, 57 тілде басылып шыққан.

«Жарқыраған мың Күн»

Егер тұншықтырар болса, кең даланың оған керегі не?

Халед Хоссейнидің бұл кітабы әлемді қызықтырғаны сонша, жарыққа шыққан соң алғашқы аптасында-ақ миллионнан астам данасы сатылып кеткен. Автордың алғашқы романын қоса есептегенде қазіргі тиражы 50 миллионнан артық.

Халед Хоссейни кітабы
Фото: Babyblog.ru

Кітап ауған әйелдерінің қоғамдағы ролін көрсетеді, паранжаның ар жағындағы бейнені ашады.

Мәриям — «харами» аталған, некесіз дүниеге келген қыз. Жан дүниесі қандай жарық болса да, әкесі бай-манап болса да, харами болуы бүкіл тағдырына кері әсер етеді. Ләйла — кейін келген буын. Мәриямның күйеуі Рашидтің жары болғанға дейін оның да өмірі бейқам еді. Әйтсе де, бәріне кінәлі — соғыс, теңсіздік.

Романды анасы мен қызының оқиғасы ретінде қарастырсаңыз болады. Себебі екі әйелдің статусы екі басқа болса да, қиыншылықтары бір-бірін етене жақын етеді, жетім жүректерін табыстырады. Мәриям мен Ләйланың бостандыққа ұмтылысын аяқасты еткен өмірлік сабақтары — соған дәлел. Білімсіз саясаткерлік — фанатизмге қақпа. Ауғанстанда саясатты шай үстінде бүкіл отбасы «талқылайды». Бірақ оның дұрыс-бұрысына, нақтылығына сенім жоқ. Кітапты оқып отырып «білмегенді білем деу — қасірет» екеніне көз жеткізесіз.

Оқиға желісі жылдам дамиды. Сол себепті жалықпайсыз.