Нұрсұлтан Назарбаев Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Президенті Сахле-Ворк Зеудеге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы ұшақ апаты салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
Осы қаралы сәтте Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Эфиопия халқына көңіл айтамын, — делінген жеделхатта.
Өткен жексенбі күні таңертең Ethiopian Airlines компаниясының Boeing 737 ұшағы Эфиопияның Дэбрэ-Зэйт қаласы маңында апатқа ұшыраған еді. Борттағы 157 адамның ешқайсысы тірі қалған жоқ. Марқұмдар — 35 елдің азаматтары. Ұшақта БҰҰ-ның 19 қызметкері де болған. ҚР Сыртқы істер министрлігі апатқа ұшырағандар арасында еліміздің азаматтары жоқ екенін хабарлады.