Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға автобус сыйға берілді

Талдықорғанда «Ерлік» қоғамдық бірлестігіне мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шағын жаңа автобус табысталды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық бірлестікке автобусты «Қазақстан халық банкі» АҚ Талдықорған өңірлік филиалы 95 жылдығына орай «95 қайырымды іс» акциясы аясында сыйға берді.

«Қазақстан халық банкі» АҚ Талдықорған өңірлік филиалының басшысы Гүлмира Ахметова мүмкіндігі шектеулі жандарға ілтипатын білдірді.

Мақсатымыз – әр ортада мүмкіндігі шектеулі болғанымен азаматтарымыздың қоғам арасына тез сіңісіп кетуі үшін бар жағдай жасау. Қаладағы басқа бірлестіктер емес, неге «Ерлік» қоғамдық бірлестігіне таңдауымыз түсті десеңіз, мұнда тіркелген жандардың өмірге деген құштарлығын естіп, көріп жүрміз. Аталған қоғамда жүріп, жанұя құрғандарды да білеміз. Сондықтан арнайы жасақталған көлікті сіздерге сыйға тартамыз, — деді Гүлмира Асқарқызы.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова қала тұрғындары атынан алғыс айтып, қоғамдық бірлестікке берілген көліктің үлкен көмегі тиетінін айтты.

Шараға Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова, «Қазақстан халық банкі» АҚ Талдықорған өңірлік филиалының басшысы Гүлмира Ахметова, «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжеркенова, қала әкімідігі мен банк қызметкерлері қатысты.