Тимур Бекмамбетов қазақстандық кинолардың билетін арзандатуды ұсынды

«Кино саласында бiрнеше маңызды стратегиялық мәселе бар. Тұжырымдамада «прокаттағы отандық кино үлесi» деген тармақ бар. Ол Қазақстанда өте төмен – 7,6 пайыз. Ресейде – 15, Францияда 30 пайыздан астам, Кореяда шамамен 50 пайыз болса, Қытайда 99 пайыз. Бұл – ең басты көрсеткiш. Әрине, Қазақстанға өз фильмдерiмен келетiн iрi киностудиялармен бәсекелесу өте қиын. Себебi, тартылатын инвестициялардың айырмашылығы өте көп, ал адамдар бiр өнiмдi пайдаланады. Бiздiң фильмге екi есе аз қаржы салынады, осы себептен бiз ұтылып жатырмыз. Көрермен сапалы, бағалы өнiмдi бiр бағаға сатып алады. Сiздердiң құжаттарыңызда «кинотеатрларда билет бағасы аса маңызды» деп анық көрсетiлген. Нелiктен қазақ киносының үлесi өте аз? Менiң ойымша, билет бағасы фильмге құйылған инвестиция көлемiне сай келуi керек. Егер отандық фильмге кiретiн билет көрермендерге қолжетiмдi болса, кинотеатрларда басқа жағдай қалыптасушы едi. Қазiр кинотеатрларға ауқатты адамдар ғана келедi, себебi, киноға бару – қымбат. 920 теңге деп көрсетiлген баға киноға баратын отбасы үшiн арзан емес. Сәйкесiнше, кинотеатрларға белгiлi бiр талғамы бар аз адам ғана барады. Және солар киноға деген сұранысты қалыптастырады», — дейдi режиссер.

Продюсер осы олқылықты жою үшiн отандық фильмдерге баруға абонемент енгiзудi ұсынды. Ол айына 14-15 фильмге арзан бағаға абонемент берiлсе, игi едi дейдi. Режиссердiң айтуынша, кинотеатрларда басқа аудитория осылайша пайда болады, және ол басқа фильмдердi талап етiп, сұранысты қалыптастырады.

Айта кетейік, бүгiн Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты кинематографшылар, мәдениет, өнер, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым және өнер саласындағы зиялы қауымның қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының жобасын талқылау» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздi. Бұған дейін Алматы және Мәскеу қалаларында қоғамдық тыңдаулар өткен болатын.

Шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы Тұжырымдама қабылданғаннан кейiн бiрiншi кезекте «Кино туралы» заң әзiрлеп, қабылдау керектiгiн айтты.

ДереккөзBnews.kz