Асқар Мамин «Нұрлы жол» бағдарламасын қарқынды іске асыруды тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин ұлттық экономика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлерінің, сонымен бірге бірқатар облыс әкімінің «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндамаларын тыңдады.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Асқар Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің инженерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұл кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланды, 1776 шақырым болатын Солтүстік — Оңтүстік электр беру желісінің үшінші кезеңі пайдалануға берілді.

Бағдарламаның аса маңызды міндеті — халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезінде бизнес үшін көліктік шығындарды кемінде 15%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл өзіндік құнына және тұтынушылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді, — деді Асқар Мамин.

Былтырдың өзінде ғана 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделген.

Бағдарламаны іске асыру елдің көлік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Былтырдың өзінде ғана транзиттен түскен кіріс 1,5 миллиард доллар болды. Ал транзиттен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бастап Астана — Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана — Теміртау, Алматы — Қапшағай, Алматы — Қорғас жолдары бар. 2020 жылы 5,5 мың ақылы жол іске қосылады.

Премьер-министр экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақмерзімді оң ықпалы болған жобалардың бірі «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» дәлізі екенін айтты. Оның аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық тиімділігі — 200 миллиард теңге.

Бағдарлама аяқталатын биылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол реконструкцияланып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс атқаруы тиіс, — деді Асқар Мамин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездету тапсырылды. Осы айда бағдарламаның тұжырымдамасын ұсыну қажет.