Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайы жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен дерекпен» жұмыс істейтін ақпараттық технологиялар мамандарын көптеп даярлауды қажет етіп отыр. 2018 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге айрықша көңіл бөлді. Президент тапсырмасы бойынша мемлекет металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамытуға және медицина сияқты салаларды роботтандыруға ден қойып отыр. 

Алматы технологиялық университетінде Robolab алғаш ашылғанда командада бес студент болды, қазір 10 студент жұмыс істейді. Олар — автоматтандыру және басқару, ақпараттық жүйелер, технологиялық машиналар және жабдықтар, қоғамдық тамақтану мамандықтары бойынша білім алушылар. Студенттер екі кезеңнен тұратын іріктеуден өткен. Бұған дейін олар Bottle Вox, I waiter, Anti Fire деген жобаларды жасаған.

Студент, ғалым, робот, Robolab
Robolab студенттік оқу зертханасының мүшелері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

I waiter роботы мейрамханаға келген қонақты күтіп алады, оларға сусын немесе тағам түрлерін ұсынады. Кәдімгі даяшы орындайтын барлық функцияны атқарады. Әлемдік тәжірибеде мұндай роботтар көп-ақ. Ал Robolab зертханасында жасалған роботтың басты ерекшелігі — қазақ тілінде сөйлейді.

Bottle Вox — қоқыс қабылдайтын жәшік. Оның жұмыс істеу принципі қарапайым. Бос бөтелкені қабылдау терезесіне тастап, жәшікке салғаннан кейін бөтелкенің салмағы мен көлемі есептеліп, оған төленетін ақшаның мөлшері белгіленеді. 

Студенттер өрт болған кезде дабыл қағатын Anti Fire аппаратын да жасаған. Ол автоматты түрде басқа нөмірге қоңырау шалып, бірнеше адамға SMS жібереді. Ол үшін аппаратқа газ, түтін және өрт датчиктері орнатылған. Бұл — студенттердің осыған дейін жасаған жұмыстары. Жақында Baribar.kz Robolab студенттік оқу зертханасының мүшелерімен және жетекшісі Нұржан Жұмаханмен кездесіп, команданың жаңа жобасымен танысып келді.

Нұрлан Жұмахан
Robolab оқу зертханасының жетекшісі Нұржан Жұмахан. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Нұржан, осыған дейін жасаған жобаларыңыз жайлы білеміз. Енді жаңа техникаларыңыз туралы айтсаңыз?

— Clean Robot дейтін роботты жасадық. Қазір бастан-аяқ жаңалық ойлап табу мүмкін емес. Роботтарды жасағанда да жобаның осыған дейін әлемде басқа прототиптері болуы мүмкін. Бұрынғы конструкцияларына талдау жасап, ондағы кемшіліктерін түзетіп, артық тұсын көрсетеміз. Конструкциясы жағынан ұқсастық болуы мүмкін. Бірақ жұмыс істеу принциптері басқаша болады. Мысалы, Clean Robot-тың алғашқы нұсқасы Германияда жасалған. Ол көпқабатты ғимараттардағы әйнектерді жууға арналған. Қазір ғимараттағы әйнектерді адамдар жуады. Бұл жұмыс олар үшін қауіпті. Сондықтан осы жобаны дайындап, оны Түменде өткен әлеуметтік жобалар байқауында ұсындық. Адамның орнын осылайша роботпен алмастырдық.

— Сіздер жасаған Clean Robot-тың артықшылығы неде?

— Осыған дейін жасалған роботқа анализ жасап, бірқатар толықтыру енгіздік. Бұған дейін бұл робот тек жуатын қызмет атқаратын және жууға арналған заттарды қолданатын мүмкіндігі жоқ еді. Ал біз жасаған робот шыныны жуады, шаяды және кептіреді. Ол үшін бірінші шаңды тазалайтын щетка орнатылған. Насоспен су беріп, көбік шашып, терезені жуады. Соңында шайып, әйнекті кептіреді.

— Ал робот экономикалық-материалдық жағынан тиімді ме?

Алматыда «Нұрлы Тау», Esentai mall сияқты шыныдан тұрғызылған ғимараттар бар. Қазіргі кезде осындай үлкен ғимараттар жылына екі рет қана жуылады. Оны альпинистер істейді. Оларға 30-50 мың доллардың көлемінде ақша төлейді. Тіпті, 2010 жылы Esentai mall-дағы терезелерді жуып жатқанда төрт альпинист қайтыс болды. Егер компаниялар осы құрылғыны пайдаланатын болса, біраз қаржыны үнемдейді және адамдар үшін де қауіпсіз болатын еді. Ғимараттың үлкендігіне қарай құрылғының көлемін де үлкен етіп жасауға болады.

Робот, роботехника
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазір немен айналысып жатырсыздар?

— Жақында ғана Robocon республикалық робот техникасы чемпионатына қатыстық. Бұл чемпионат жоғары оқу орындарының студенттері арасында алғаш рет өтті. Қазір командада кішігірім үзіліс. Алдағы уақытта TOM Kazakhstan әлеуметтік жобалар конкурсына қатысамыз. Қазір соған дайындалып жатырмыз.

— Қазір ауыл мектептерінде де робот техникасы үйірмелері ашылып жатыр. Онда дәріс беретін оқытушылар оқушыларға керек дағдыларды үйрете ала ма?

— 2019-20 жылдары барлық мектепте робот техникасы сыныптары ашылуы керек екен. Қазір ауылды жердегі мектептерде де IT сыныптары ашылған. Бірақ онда сабақ беретін оқытушылар арнайы маман емес, физика немесе информатика пәндерінің қарапайым мұғалімдері. Олар робот техникасы бойынша арнайы курс оқып, сертификат алады. Әрине, олардың теориялық жағынан білімі бар. Бірақ программа жазу мен өндірістік, электроника машықтары аз деп ойлаймын. Ауыл мектептерінде де осындай сыныптардың, үйірмелердің ашылғанын қолдаймын, тек ондағы оқытушылардың сабақты қалай жүргізіп, оқушыларға нақты нені үйрететіні қызық. Көбіне олар LEGO конструкторын құрастырады. Оны құрастырудың артықшылығы — баланың робот техникасы  саласы бойынша базалық білімі қалыптасады.

Robolab оқу зертханасының мүшелері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазір өнеркәсіп орындарында автоматтандыру мен роботтандыру процесі жүріп жатыр. Олардың көбі сәтті жүзеге асып жатыр. Оның қандай да бір зиян тұсы бар ма, қалай ойлайсыз?

— «Робот адамның өміріне зиян» деген пікір көп айтылады. Америкалық фантаст жазушы, биохимик Айзек Азимов «Робот адамға қарсы шығып, қандай да бір зиянын тигізсе, ол робот емес», — деп айтқан. Қазір роботтың барлығы адамның игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Ендеше адамдар роботтан неге қорқады? Өндіріс жаппай автоматтандырылса немесе барлық жұмыс роботтың көмегімен істелсе, адамдар жұмыссыз қалады деп қорқады. Жапония — әлемдегі автоматтандырылған, роботы көп елдің бірі. Бірақ онда мұндай үрдіс байқалмайды. Олар барлық саланы емес, қажет өндірісті ғана автоматтандырды. Адамнан көп күшті талап ететін жұмыстарға ғана роботтарды жіберді. Ал Қазақстанда Жапониядағы сияқты жаппай роботтандандыру қазір бола қоймайды. Бұл — өте қиын процесс. Төртінші индустриялық революцияға аяқ басқалы отырмыз, бірақ оған дейінгі алғышарттардың өзі дұрыс орындалмаған. Бізде қарапайым компьютерді меңгермеген, оны қолдануды білмейтін адамдар көп. Сондықтан әзірше Қазақстанның роботтан қорқуына себеп жоқ.

— Қазақстанның қай саласына роботтандыру қажет деп есептейсіз?

— Өнеркәсіп саласына қажет деп ойлаймын. Әсіресе, машина жасау, металлургия салаларына. Өйткені шахтада жұмыс істейтін адамдар көп қиындық көреді. Бұл салалар Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіші болғандықтан өнімді көбірек шығаруға мүмкіндік аламыз. Автоматтандырудың да мақсаты — жұмыс уақытын қысқартып, жұмысшыларға түсетін ауыртпалықты азайту, өнімді көбірек шығарып, экономикалық тиімділікті арттыру. Медицина саласын роботтандыру да — мақсат. Қазір нанохирург роботтар, ақылды жүйелер пайда болып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласын да роботтандыруға болады. Қазақстанның әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдері арқылы шығуына мүмкіндік көп. Қазір Ресейде дән себетін, зиянкестермен күресетін роботтар жасалып жатыр.

Robolab оқу зертханасының мүшелері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазақстанда дайын роботқа патент алу жағы қалай?

— Қазақстанда авторлық құқық және патенттік қорғау агенттігі жұмыс істейді. Осы агенттікке онлайн өтініш береміз. Авторы мен жұмыстың толық сипаттамасы жазылады. Университет студенті болса, оқып жүрген кафедраның немесе ғылыми кеңестің шешімі болуы керек. Бұл жобада шынында жаңалықтың бар екенін растау үшін қажет. Осыдан кейін агенттік жұмысты сараптамаға жібереді. Патенттің де бірнеше түрі бар. Соған қарай өтініш алты айдан 1,5 жылға дейін қаралады. Қазір екі жұмысымызға патент алу үшін өтініш бердік. Оның бірі — Easy Bot, екіншісі — Clean Robot. Осы жобаға қызығушылар көп. Бірінші авторлық құқықты алып, содан кейін ғана өндіріске ұсынамыз. Өндіріске немесе өзге елге шығару үшін патенттің болуы маңызды. Өйткені бұл жұмысты біреуден көшіріп алмағаныңызға дәлел болады.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қандай робот жасауды армандайсыздар?

— Қазір әлемде ең қиыны — адам тектес роботтарды жасау. Өйткені роботтардың көбі доңғалақтармен, манипулятор аяқтармен, шынжыр табанмен жүретін роботтар. Әлемде Asimo деген робот қана адам тектес етіп жасалған. Бірақ әлі буындары іске қосылмаған. Тарихта қалу үшін, әлемге танылу үшін адам тектес роботтарды жасағымыз келеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!