Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

RoboLab студенттер зертханасы 2016 жылы желтоқсан айында ашылды. Біздің негізгі бағытымыз — робототехника саласын дамыту. Қазіргі уақытта бірнеше жобаларды іске асырып жатырмыз. Бір жылдың ішінде көптеген байқауларға да қатыстып үлгердік.

«I waiter» даяшы-роботын жасадық

RoboLab зертханасы
RoboLab зертханасы ©SZH.kz

Командамыз жасап шығарған үздік жобалардың бірі — даяшы-робот. Біздің жасаған роботымыз «I waiter» деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда «Мен даяшымын» деген мағына береді. Технологиялар дамыған сайын адам баласы жасайтын істердің барлығын атқаратын балама табылып жатыр. Мейрамханаларда адамдарға қызмет көрсететін даяшыларды алмастыратын роботтар әлемде көптеген елдерде бар. Әсіресе, Қытай елінде роботтардың осы түрі өндірісте жақсы қызмет етіп жүр. Ал Қазақстанда бұл роботтың баламасы жоқ.

Жобамыз Халықаралық «IT планета» байқауына қатысады

Әзірге бұл жобамыз өндіріске енгізілген жоқ. Роботтың барлық құрастыру жұмыстары аяқталған. Қолданысқа дайын. Тәжірибеден өткізу үшін Алматы технологиялық университетінің студенттеріне кофе тарату шарасын өткізіп тұрамыз. Халықаралық «IT планета» байқауына осы жобамызды қатыстырып жатырмыз. Байқау аяқталып, жобамыз мақұлданған соң өндіріске енгізгіміз келеді. Әлі еліміздегі ешқандай мейрамханаға ұсыныс айтпадық. Барлығы байқаудан кейін белгілі болады. Алайда, алдағы үш жылдың көлемінде біздің роботтың қолынан кофе іше аласыздар деп уәде бере аламыз.

RoboLab зертханасы
RoboLab зертханасы ©SZH.kz

«I waiter» роботы келген қонақтарды күтіп ала алады, сөйлейтін қабілетке ие. Сізге кофе, тағам түрлерін ұсына алады. Жалпы, қарапайым даяшының барлық функцияларын атқара алады. Әлемдік тәжірибеде официант-роботтар көп-ақ. Біздің роботтың ерекшелігі — қазақ тілін білуінде.

«I waiter» роботының негізгі бес функциясы:

  1. Сөйлей алады;
  2. Келушілерге ас мәзірін ұсынып, тапсырыс қабылдайды;
  3. Сыйлық ретінде сусындар ұсына алады;
  4. Келушілерді күтіп алып, шығарып салады. Қоғамдық орындарда, саябақта жол сілтейтін қабілетке ие;
  5. Көңіл-көтеру функциясы бойынша әзіл айтып, күлкілі қылықтар көрсетіп, мимика арқылы келушілерге қуаныш сыйлай алады.

Университетіміз ғылыммен айналысуға жағдай жасап отыр

Кез келген ғылыммен айналысу үшін, жаңалық ашу үшін жас ғалымдарға қолдау керек. Біз осындай қолдауды университет тарапынан көрдік. RoboLab студенттер зертханасы Алматы Технологиялық Унверситетінің ректоры Талғат Құралбекұлы Құлажановтың тікелей бастамасымен және инжиниринг жəне ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Еренова Бибіпатыма Ертаевнаның қолдауымен ашылды. Негізгі мақсаты – студенттерді ғылымға, робототехника, нанотехнология саласына қызықтырып, халыққа пайдалы жобаларды іске асыру. Командамыз автоматтандыру, механика, бағдарламалау саласынан хабары бар алты жігіттен жасақталды. Жай ғана топтаса салмадық, зертхана студенттерді тұтас университет бойынша қабілеттеріне, еңбекқорлығына қарай іріктеп, қабылдап алды. Қатарымызда 1-ден 4-курсқа дейінгі студенттер бар.

RoboLab зертханасы
©SZH.kz

Біз барлық жұмыстарды команда болып атқарамыз. Кейде пікір қайшылығы, әр жас ғалымның өзіндік ойы болады. Мұндай жағдайда мәселені дауысқа салу арқылы шешеміз.

Алдағы 10 жылда RoboLab Қазақстанға танылса дейміз

Алға қойған мақсат-жоспарларымыз көп. Зертхананың жұмысқа кіріскеніне бір жыл ғана болса да, біршама жетістіктерге қол жеткіздік. RoboLab әлі де болса толық қуатымен іске кіріскен жоқ. Алдағы 10 жылдың көлемінде бүкіл әлемге болмаса да, өз елімізде танымал болып, жүзеге асқан жобаларын ел танитын болады деп үміттенеміз.

Біздің елімізде робототехника саласы аса қатты дами қойған жоқ. Сондықтан, біз ғаламтор арқылы өзге елдердің видеороликтерін көріп, байланыс орнатып, кітаптарын тауып оқып, өз бетімізше көп дағдыланып жүрміз.

RoboLab зертханасы
©SZH.kz

Ғылым деген әлем ұрпақтар сабақтастығынан тұрады. Біз өзіміздің ұстаздарымыздан, алдыңғы толқын ағалардан көп нәрсе үйреніп, оны осы заманға лайықтап, жаңаша соны ойлармен толықтырып, жоба жасап жүрміз. RoboLab зертханасы ғылыммен айналысамын дейтін жастарды бетінен қақпайды. Барлық жағдай жасалған. Келем деушілерге, жай ғана келмей, жаңалық әкелем деушілерге есігіміз ашық.

Сұхбаттасқан Дана Маратова, суреттер Ақжарқын Қыдырханова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.