Әлемнің бірқатар елінің және АҚШ-тың бірнеше штатының сот жүйесінде сот отырысына қатысушыларға кедергі келтірмеу үшін және кейбір нәрсені құпия сақтау үшін фотоға және видеоға түсіруге тыйым салынған. Сондықтан БАҚ сот отырысын иллюстрациялау үшін суретшілердің көмегіне жүгінеді. Жазбаша материал дайындау және қылқаламмен отырыстың суретін салу үшін соттан рұқсат алудың қажеті жоқ. Осылайша сот суреттемелері өз алдына бір жанр, ал сот суретшісі кәсіп түрі ретінде қалыптасып кеткен.

Суретшіге қойылатын талаптар

Суретші көрермен арасында отырады. Оның суреті сәтті шығуы үшін залдың қай жерінде отырғаны маңызды. Суретшіге залда орнынан қозғалуға, жүруге болмайды. Олар сот отырысының көрінісі мен сотталушының портретін жылдам салып, БАҚ-қа сатады. Әдеттегі сурет қарындашпен, бормен, көмірмен немесе қаламмен салынады. Орташа есеппен қарапайым суретші (ешқандай БАҚ-пен келісімшартқа отырмаған) аптасына 45 сағатын сот отырысында өткізеді. Мұндай суреттер БАҚ-тарды ғана емес, заңгерлерді, судьяларды және сот отырысына қатысушы басқа да тараптарды қызықтыруы мүмкін. Егер сот процесі тарихи немесе атышулы оқиғаға қатысты болса, оны музейлер де сатып алады. Мысалы, Австралия Ұлттық музейі Линда Чемберлейннің ісі бойынша сот отырысы суреттерінің сериясын сатып алған.

Суретшінің міндеті — сот көрінісі мен сотталушының портретін жылдам салу. Телеарналардың тапсырысын орындаушы суретшілерге қиын жауапкершілік жүктеледі. Себебі оқиғаны журналистер жылдам хабарлауы үшін сот отырысы басталғаннан-ақ оның көрінісін суреттеуге минуттар ғана беріледі.

Әр елде сот процестерінен хабар тарату мәселесі түрліше шешіледі. Батыс елдерінде фотоға және видеоға түсіру барлық уақытта рұқсат етіле бермейді, бірақ сот залында суреттеме жасау кең таралған. Посткеңестік кеңістікте егер сот процесі ашық болса, сот залынан видео мен фото жасау әдеттегі іс саналады да, журналистер сот процестерін хабарлағанда еш қиналмайды. Егер сотта азаматтық іс қаралса, журналистерде ақпаратты хабарлауға мүмкіндік көп болады, мысалы, интернетте текст түрінде трансляция жүргізуге болады. Бірақ барлық сот процесінде — қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процестерде фотоға түсіру үшін судьядан рұқсат алу керек. Ал судья процеске қатысушы тараптардан журналистердің фотоға немесе видеоға түсіруіне қарсылығы бар ма, жоқ па — соны сұрайды. Әдетте процестің бір тарапы қарсы болмағанымен екінші жақ қарсы болуы мүмкін. Бірақ процесті фотоға немесе видеоға түсіруге рұқсат беру туралы шешім шығаруда судьяға тараптардың пікірі негізгі роль атқармайды. Ашық сот процестерінде көпшілік пен БАҚ өкілдерінің болуы сот төрелігін шығарудың негізгі қағидаларының бірі — жариялық пен ашықтықтың орындалуын қамтамасыз етеді. Сондықтан отырыстарды фотоға немесе видеоға түсіруге судья процеске қатысушылардың бәрі наразы болғанда да рұқсат беруі мүмкін. Бірақ сот залында суреттеме жасаудың фотоға немесе видеоға түсіруден артықшылығы бар — сот суреттемелерін жасауға судья мен қатысушы тараптардан рұқсат алудың қажеті жоқ (сот процесі барысын есепке алудың бұл формасы қойын дәптерге жазу жазғанмен бірдей). Бұл жағынан оның талассыз артықшылығы бар, бірақ журналистердің бәрінде сурет салу таланты бар ма екен?! — дейді Internews Network халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің заңгері Ольга Диденко.

Сот суреттерінің тарихы

Салемские ведьмы сот процесі
The New York Times-те жарияланған экс-олдермен Томас Клири ісіне қатысты сот отырысы. 1889 жыл. Фото: Dic.academic.ru

АҚШ-та сот отырыстарының суретін салу XVII ғасырда басталған. Солардың бірі тарихта қалған ең танымал сот процесі — Салем мыстандарының ісі. Суретшілер аболиционист Джон Браун ісінің сот отырысына да қатысты. XIX ғасырдың ортасында Джордж Калеб Бингем және Дэвид Блит сияқты танымал суретші-эстампистер болған. 1950 жылдары жаңалықтарда сот отырысының көріністері кеңінен жариялана бастады. Бірақ сот камераға рұқсат етпегені сияқты сот суретін салуға да лажсыздан келісім беріп жүрді. Ол да сот отырысына келгендердің назарын аударып, шатастыруы мүмкін деп есептелді. Суретші Ида Либби Денгроув осы шектеуге қарсы наразылық білдірді. Содан кейін ғана соттар бірте-бірте суретшілерге сот залында отырып сурет салуға мүкіндік бере бастады.

1980 жылдардың ортасында АҚШ-та сот отырыстарында камераға түсіруге рұқсат берілді. Содан бастап сот отырысы бейнеленген суреттерге сұраныс азайды. Тек түсірілімге рұқсат етілмеген отырыстарда ғана суретшінің қызметіне жүгінуге тура келеді.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылыстан соң негізгі күдіктілердің айғақ заттарын жасырды деген айыппен сотталған қазақстандықтар — Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжияқовтардың суреттері сот залында қылқаламмен салынып, ақпарат құралдарына тараған еді.

Диас Қадырбаев Азамат Тәжияқов
Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжияқовтарға қатысты процесс. Фото: City01.kz

Ұлыбритания мен Гонконгта сот жарыссөзі кезінде сурет салуға тыйым салынған. Сондықтан суретшілер сот процесін сот залынан тыс жерде есіне түсіре отырып бейнелеуге мәжбүр.

Бейлис ісі
Бейлис ісінің сотындағы Шнеерсон мен Бейлис. Фото: Wikipedia.org

Ресейде сот отырыстарын суреттеу XIX ғасырдың ортасында басталған. Менахем Мендель Бейлис ісінің сот отырыстарынан салынған суреті бүгінге дейін жеткен.

2005 жылы «Арт-Мәскеу» көркемсурет жәрмеңкесінде суретші Павел Шевелевтің  Михаил Ходорковский мен Платон Лебедев ісінің Мещан сотындағы тыңдауларынан жарты жыл бойы салған суреттерінің көрмесі өтті.

Қазіргі уақытта Ресейде Қазақстандағы сияқты жабық сот отырыстарына журналистер қатыстырылмайды. Ал ашық сот отырыстарында фотоға және видеоға түсіру үшін соттың рұқсатын алу керек.