Алимент ажырасқан ата-ананың бірінің балаларға кәмелет жасқа толғанға дейін беретін қаражаты ғана емес, ата-анасынан бас тартқан ересек балалар төлейтін қаражат болып та есептеледі. Біздің қоғамда ата-ананың баласына алимент төлеуі жиі кездеседі. Бұл материалда алименттің осы түріне қатысты өзекті сауалдарға жауап беріледі. 18 жасқа толғанға дейін бала қайда тұрса да, заң бойынша ата-анасы тәрбиелеп, бағып-қағуға, материалдық жағдайын жасауға міндетті. Басқаша айтқанда, бұл — ерлі-зайыпты ажырасып кеткен жағдайда баланың өсіп-өнуіне, оны материалдық жағынан қамтамасыз етуге төленетін ақша.

Егер әйел басқа адамға тұрмысқа шығып, баласын өз анасына тастап кетсе, оның бұрынғы күйеуі алимент төлей бере ме? Ондай кезде ер адам баласын өз қамқорлығына алып кете ала ма?

Иә, төлей береді. Баланың анасы басқа адамға тұрмысқа шықса, баланы өзінің анасына тастап кете алмайды, себебі заң бойынша баланы тәрбиелеп, бағу — ата-анасының міндеті. Ажырасар кезде 3 сұрақ міндетті түрде шешіледі. Бала кімде қалады? Егер анасы жауапкершілікті өзіне алса, оған әкесі де қарсы болмаса, анасы баланы бағуға міндетті. Басқа күйеуге тисе де, баланы өзімен бірге алып жүруі тиіс. Егер өзімен алып кете алмай, екінші күйеуі қарсы болса, әкесі баланы қамқорлығына алуына құқығы бар. Заң бойынша бала ата-әжесінің қолында емес, ата-анасының бірінің жанында болуы керек.

Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірінің оны төлеуден өз еркімен бас тартуына бола ма? Заң бойынша қандай жағдайда алимент төлемеуге болады?

Өз еркімен бас тарта алмайды. Балаға төленетін алимент бір ғана жағдайда тоқтайды: егер бұрынғы әкесі баладан бас тартып, ол баланы екінші әкесі асырап алған жағдайда асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген кезде бірінші әкесі алимент төлеуден босатылады. Бірақ ата-ананың баладан бас тартуы алимент төлеу міндетінен босатпайды. Ата-ана арыз жазып, баласынан бас тартса да, сот шешімі арқылы ата-аналық құқығынан айырылса да, алименттен құтылып кете алмайды.

Кәмелет жасына толмаған балаға төленетін алимент мөлшері қалай есептеледі?

Ерлі-зайыптылардың арасында бала болса, міндетті түрде сот арқылы ажырасады. Сол кезде міндетті түрде шешілетін сұрақ — алимент мәселесі. Оны төлеудің екі жолы бар. Біріншісі — ерлі-зайыпты ажырасар кезде нотариус арқылы келісімшартқа қол қою. Мысалы, бала анасында қалса, әкесі ай сайын осынша сомада немесе, айталық, 20 АЕК алимент төлеп отыруға немесе табысының белгілі бір пайызын төлеп отыруға міндеттеледі. Екіншісі, ондай келісім болмаса, бұл мәселені сот шешіп береді. Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруға міндеттеледі.

Егер ерлі-зайыпты заңды некеде тіркелмеген болса, баланың нағыз әкесі немесе нағыз анасы екенін сот сараптамасы арқылы анықтау үшін олар арызбен бірге алимент өндіру туралы арызды да бірге сотқа жіберуі керек.

Балаға төленетін алимент көлемін қандай жағдайда қысқартуға болады?

Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірінің отбасылық, материалдық жағдайы өзгерсе немесе екінші рет үйленіп, балалы болса, денсаулық жағдайына байланысты қаржы қажет болса, алимент көлемін азайту туралы сотқа арыз жаза алады. Осындай жағдайда тек алимент мөлшерін азайтуға болады, мүлдем тоқтату мүмкін емес. Арызданушының сөзі дәлелденсе, сот оның материалдық жағдайын ескере отырып, арызын қанағаттандырады.

Егер азамат «жұмыссызбын» деп анықтама берсе, алимент төлеуден босатыла ма? Қалай талап етуге болады? Ондай жағдайда алимент берешегін ата-анасының табыс көзінен ұстауға бола ма?

Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыссыздығы оны төлеуден босатпайды. Қандай жағдай болса да, балаға төленетін алимент мөлшері жоғарыдағыдай есептеледі, яғни табысының белгілі бөлігі бала санына байланысты есептеледі. Ал ресми жұмысы жоқ адамның табысы тұрғылықты аймақтағы орташа жалақымен есептеледі. Алиментті қарыз ретінде өндіруге де болады. Ол үшін жеке сот орындаушымен бірге әрекет етіп, ол адамның атында мал-мүлкі, үйі бар ма, соның бәрін тексеріп, анықтауға болады.

«Неке және отбасы туралы» кодексте алимент төлеуге міндетті адамның берешегін оның ата-анасының табыс көзінен ұстау қарастырылған. Берешек азаматтың бірге туған, кәмелетке толған, еңбекке жарамды аға немесе әпкесінің, ата-анасының жағдайы, табысы болса, кәмелетке толмаған балаға берілетін алиментті солардан өндіруге болады.

Алимент төлеуден жалтарып, міндетін атқармай жүргендерден қалай өндіруге болады? Оны заң қалай жазалай алады?

Азамат міндетін орындамай жүрсе, ата-ана құқығынан айырылады. Бірақ бұл құқықтан айырылу алименттен босатпайды. Төлемей жүре бергендерді қылмыстық жауапкершілікке тартып, бас бостандығынан айыру да қарастырылған.

Балаға төленетін алиментті ажырасқаннан ұзақ уақыттан кейін талап етуге бола ма?

Оны кез келген уақытта төлеуді талап етуге болады. Қашан ажырасқаны маңызды емес.

Балаға алимент алу үшін нақты қандай құжат жинау керек және қандай органға шағымдану керек?

Баланы қамқорлығына алған адам алимент өндіру үшін арыз беруге құқылы. Сот бұйрығы үш күн ішінде шығады. Арызда бала саны, туған жылы жазылып, заңды некеге тұрғандағы және ажырасу туралы куәлік көшірмесі, балалардың туу туралы куәлігі мен жеке куәлік тіркелуі керек. Заңды некеде болмаса, баланың әкесі немесе анасы екенін анықтау туралы арыз бен алимент төлеу туралы арызды жазу қажет. Арыз беруші сотқа мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Liza Otchenashenko)