ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, білім беру мәселелеріне қатысты міндеттерді орындау жөнінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндады.
Министрдің айтуынша, ведомство білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысын ұлғайту, орта білімде реформаны нақты түрде іске асыру, ілгері жоғары оқу орындары мен заманауи коллеждерді анықтауға қатысты бірқатар міндетті орындауы қажет. 2018 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен аттестаттаудың жаңа жүйесі негізінде категориясын растаған және жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы 30-50%-ға өсті.
Күләш Шәмшидинованың айтуынша, білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту 30%-ға дейін сараланған түрде жүзеге асады.
Білім беру саласында 500 мың адамның жалақысы өседі. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері мен олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, жинап тазалаушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және тағы басқалар бар, — деді Білім және ғылым министрі.
Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге қызметкерлердің санаттарын және артатын жалақы көлемін нақтылап жатыр.
Министрдің мәліметінше, 2019-2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшісі мен психолог, колледждердің 15,5 мың маманы мен ЖОО-лардың 2,4 мың оқытушысы қайта даярлау курстарынан өтеді. Қазіргі таңда тілдік курстардан өткен жаратылыстану пәндерінің 11 423 мұғалімі 764 мектепте сабақ беріп жүр.
2020 жылдан бастап аталған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер дайындауға жұмсалады. Бұл орайда ЖОО-лардың түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ескеріледі. Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды, — деді Күләш Шәмшидинова.