Алматы облысы Текелі қалалық Балалар шығармашылығы орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас өренді ұлттық өнерге баулу мақсатында «Ата кәсіп – мол нәсіп» атты танымдық кеш өтті.
Ұмыт болған өнер жәдігерлерін, қазақтың мәдени мұрасын сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен шарада қазақ және орыс халқының қолөнері, оның ішінде ою-өрнек, кесте тігу, ши тоқу, қамшы өру сияқты өнер түрлері көрсетілді. Зал түрлі сәндік қолданбалы өнер туындыларымен безендірілген. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бойындағы қабілетін ашу, оны дамыту, өнерге баулуды басшылыққа алған орталық мамандары өз саласы бойынша кең мағлұмат беріп, көрерменнің көңілін аулап, қолөнерге деген қызығушылығын арттыра білді. Шараның туралы орталық директоры Светлана Бейспекова пікірін білдірді.
Аталған бағытта жұмыстарды тоқтатпаймыз, әлі де көптеген шараларды ұйымдастырып өткізу жоспарда бар. Бүгінгі шараға келсек, орталықтың жоғары білікті оқытушысы Т. Жаппарқұлова ою өнеріне баулып, көркемсурет бөлімінің оқытушылары А. Ақылбекова ши тоқу өнерімен таныстырып, А. Кувычко заонеж кестесін тігуді үйретті. Ал Е. Тұрсынбек қамшы өруді үйретіп, ол тобылғыдан, мүйізден, сүйектен, сирақтан да жасалатынын айтып көрсетті,- дейді орталық директоры.
Балалар шығармашылық орталығы 2002 жылдан бастап музыка, көркемсурет бөлімдері және үйірмелер бағытында жұмыс істейді. Орталықта 820 оқушы білім алып, түрлі облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінде ол ұлттық өнерді дәріптейтін, балалардың шығармашылығын дамытуда қомақты үлесін қосып жүрген білім ордасына айналды.