ОҚО-да кілем өндірісіне қажетті барлық шикізат дайындалады

Өткен жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Бал текстиль» ЖШС кілем тоқу фабрикасы үшін жылына 4 мың тонна полипропилен жіптерін шығаратын өнідірс орны іске қосылған болатын. Фабрика болашақта жұмыс орындарын көбейтумен қатар, кәсіпорын қуаттылығын 8 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Өндірісте аталған сала бойынша бельгиялық, француздық және германиялық өндірушілердің заманауи жабдықтары пайдаланылады.  Кілем тоқу саласында жетекші орынға ие Wandewielle (Бельгия)  компаниясының жабдықтары тоқыма өндірудің негізгі желісі ретінде қолданылып, Superba (Франция), Neumag және Volkmann герман фирмаларының жіпті керу және бұрау жабдықтары орнатылған.

Айта кеткен жөн, полипропилен жіп иіру фабрикасы іске қосылмай тұрып «Бал текстиль» ЖШС жіпті Түркия, Бангладеш және Индонезиядан әкелуге мәжбүр болған еді.

Жоба тек Оңтүстік өңіріне ғана емес, жалпы еліміз үшін бірегей болып табылады. Себебі еліміздің аймақтарында бірінші рет кілем тоқуға арналған синтетикалық жіптерді шығару өндірісі жолға қойылып отыр.

Осылайша, Оңтүстік Қазақстанда шығарылатын кілемдер 100 пайыздық қазақстандық қамту үлесіне қол жеткізді.

Екі жылға жуық уақыт ішінде «Бал текстиль» ЖШС өзін кілем нарығында табысты кәсіпорын ретінде көрсетіп, өзін дәлелдеді. Осы уақыт аралығында компания құны 3 млрд. теңге болатын 3,5 млн. м2  кілем тоқыған.