Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды

Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Облыс активіне жаңа әкімді Үкімет басшысы Асқар Мамин таныстырды.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.

Асқар Мамин мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысының Оңдасын Оразалиннің кандидатурасын Ақтөбе облысының әкімі лауазымына ұсыну туралы хатын оқып берді. Депутаттар ҚР Президенті ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Оңдасын Сейілұлы Оразалин 1963 жылы дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтын, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мемлекеттік қызметте әртүрлі лауазымдарды атқарып, коммерциялық секторда жұмыс істеген. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болды. 2017 жылғы наурыздан бастап ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Асқар Мамин кезектен тыс сессия қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының активімен кездесу өткізді. Ол Бердібек Сапарбаевқа өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Асқар Маминнің айтуынша, жұмыстың 4 жылында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі нәтижелерге қол жетті: жаңа индустриялық жобалар іске асырылды, әлеуметтік салаға үлкен серпін берілді. Үкімет басшысы Бердібек Сапарбаевқа жаңа қызметінде табыс тілеп, Президент көрсеткен жоғары сенімін абыроймен ақтайтынына сенім білдірді.

Премьер-министр жаңа әкімді таныстыру барысында Оңдасын Оразалиннің түрлі жауапты басшылық лауазымда, соның ішінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметінде үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті. Соңғы жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары болып қызмет еткен. Ол өңірлік жұмыстың, әсіресе, әлеуметтік жаңғыру саласының қыр-сырын меңгерген. Асқар Мамин жаңа әкімге сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметінен босатылып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.