1812 жылы жылы жазда Момын есімді байдың 100 жылқысын бөтен ауылдың жігіттері қуып әкетіп, екі ауылдың арасында мал дауы басталады. Малын алуға барған Момынның жігіттерін барымташылар соққының астына алып, өздерін жаяу қайтарады. Қайтып баруға ешкімнің батылы жетпейді. Артынан сұрастырып білсе, бұл барымтаны сол ауылдың Ебей және Себей есімді ағайынды байлары жасатып отыр екен. Олардың қарамағында сойылмен қаруланған 100 жігіт пен ешкімге дес бермейтін Көкшолақ есімді би бар болып шықты.
Ал Момын болса, жүз жылқыдан айрылып қана қоймай, мінетін ат таппай дал болады. Қалай да малды қайтарудың ойлап, басы қатқан Момынның үйінде күнде жиын болады. Кезекті бір жиын басталғанда үй сыртында ойнап жүрген Досбол мәселенің мән-жайын естиді. Досбол ол кезде небәрі 12 жаста еді.
Ешкім тұщымды сөз айтпаған соң шыдамы таусылған Досбол сәлем беріп, үйге кіреді. Төрде отырған ауылдастарына қарап:
Әй, көпшілік! Ебей мен Себей бүгін малыңды алса, ертең қойныңдағы әйеліңді алады. Одан кейін бесіктегі балаңды алады, сонда да бармай отыра бересіңдер ме? Араларыңнан бастаушы адам шықпаса, соңымнан еріңдер, — дейді.
Бастап баратын адам таппай қамығып отырған жігіттер түгелдей атқа қонады.
Ебей мен Себей суыт келген аттылардың Момынның адамдары екенін бірден түсінеді. Оларға ауыл сыртынан лашық тігіп, ас береді. «Сөздерің болса, ертең сөйлесерміз», — деп ауылға жақындауға рұқсат бермейді. Сөйтіп Досбол ауыл сыртында ойнап жүрген балаларға қосылып кетеді. Ал жігіттер ертеңді күтіп, лашықта қалады. Досбол асық ойнап жүріп Ебей мен Себейдің үйінде болып жатқан әңгімені естиді. Ебей мен Себей Көкшолақ биді алдырып, ақылдасып отыр екен. Көкшолақ би төрде отырып:
— Мына Момынның жігіттерін бастап келіп отырған кім болды екен?, — деп сұрайды.
— 12 жастағы бала, — дейді Ебей.
Сонда Көкшолақ қарап отырмай:
— Жылаған баланың жұбанары бір үзім нан ғой, оны бір нәрсемен алдаймыз, — деп күледі.
Таң атқанда Ебей мен Себей жағы қыр басында тұрып Момынның адамдарына:
— Қане, араларыңнан бір адам шығып мына біздің бимен сөйлесіңдер, — дейді.
Досбол қыр басында отырған биге қарай аяңдайды. Досбол барып отыра бергені сол еді, Көкшолақ сөз бастайды.
Малың мұнда келген жоқ. Ебей мен Себей — дәулетті адамдар. Ешқашан ұрлық жасамайды, қателесіп келдіңдер. Өзің жас болсаң да, талаптанып атқа қонған екенсің, қанжығаң құр кетпесін, ырымға деп анау тұрған тайынша бұқаны өзіңе атадым, — дейді Көкшолақ.
Сонда Досбол былай деген екен:
Ебей байың өзіңе,
Себей байың өзіңе,
Желге қияр жұмыспен,
Келіп едім өзіңе.
Сірә, құлақ салмайсың,
Менің айтқан сөзіме.
Таңда мақшар болғанда,
Таласармын бөзіңе.
Маған деген бұқаңның,
Екі мүйізі екі көзіңе.
Қысырымды бермесең
Буаз жылқы бересің.
Арығымды бермесең,
Семізіңді бересің.
Өз еркіңмен бермесең,
Өнерімді көресің, — дейді Досбол. Көкшолақ қатты сасып, Ебей мен Себейді қасына алдырып:
Мына бала түбі бізді құтқармас, малын түгелдей қайтарыңдар. Ал ту биесі (құлын тастаған немесе құлыны өліп қалған бие) болса, мойнына қосақ байлап, құйрығына тіркеу қосып қайтарыңдар, — деп Момыннның малын бергізеді.
Осы оқиғадан кейін Досбол орта жүз ішінде «Бала би» атанады.