Шоқпар қол қаруы болғандықтан көбіне ат үстінде тұрып, сілтейді. Қолдан шығып кетпеуі үшін сабын терімен қаптап, соңына бүлдіргі (бүлдіргі – қайыс таспаны сапқа байлаған шығыршық бау) байланған. Қазақтар бұл қаруды өткен ғасырдың басында да ұстаған. Оны көбіне жылқышылар барымташыларға қарсы пайдаланды.

Мифологияда шоқпар алып күш иелері саналатын диюлар мен жындардың да қаруы ретінде сипатталады.

Шоқпар

Шоқпар жасалуына қарай қарашоқпар, гүрзі, дойыр, босмойын шоқпар деп бөлінеді.

Қарашоқпар. Бұл – шоқпардың қарапайым түрі. Оны жасау үшін ырғай, тобылғы, қайың, үйеңкі сияқты қатты ағаштың түбімен қоса қазады. Бас жағын жұмырлап, тамырларын келте етіп кеседі. Шоқпар жарылып, шытынап кетпеуі үшін ірі қара малдың бас терісімен қамтап салмағын да, сапасын да арттырған. Қазақ халқы шоқпарды тек жорықта емес, аңшылықта да кеңінен қолданды. Аңшылыққа байланысты сапты шоқпар, жең ішінде жүретін жеңшоқпар деген түрлері болды. Басын жуандау, сабын ұзын етіп жасаған шоқпардың бұл түрлері аңды қуып жетіп, ұрып түсіруге ыңғайлы болды.

Гүрзі – ерте кезде қолданылған шоқпардың ауыр түрі. “Гүрзі” сөзі парсы тілінен енген. Басы шойын мен қорғасыннан құйылып, сырты болатпен қапталады. Сыртқы көрінісі шар немесе алмұрт тәрізді болады. Гүрзінің басы ауыр болған соң сынып кетпес үшін оның сабы металдан немесе қатты ағаштан жасалып, сырты қосымша металмен не өгіз терісімен қапталды.

Дойыр – жуан өрімді қамшы тәрізді қару. Жуан өрілгені болмаса, қамшыға мүлдем ұқсамайды. Ол 16-18 таспадан тұрады. Төрт немесе алты қырлы болып, кейде жұмыр күйінде келеді. Жұмыр дойырдың жуандығы адамның білегімен өлшенген. Дойыр өгіздің иленген жон терісінен өріледі. Әдетте ырғай немесе тобылғыға, кейде қошқар мен текенің мүйізіне, тіпті қарақұйрық пен еліктің сирағынан сапталады.

Балуан Шолақ дойыр қамшысымен қашқан қасқырды қуып жетіп, жон арқадан тартқанда қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кеткен екен. Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғаларын қуалай тартып өткенде етпетінен түсетін көрінеді, – деп жазды Сәбит Мұқанов.

Босмойын шоқпар. Оны кейде сақетер деп те аталған. Сақетер – шоқпардың басына байланысты айтылған сөз. Шоқпардың бұл түрі ағаш сапқа қайыспен байланған тас, метал, ағаш түбірі сияқты қатты дүниелерден жасалды.

Сақетер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма. Жара бір қатты, жан тәтті, Жара аузына қан қатты, – деп толғаған Доспамбет жырау.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!