Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік, өңірлік деңгейде көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау шараларын қолға алу жөніндегі жұмыс топтары құрылған еді. Алматыда да көпбалалы аналардың ұсыныс-тілектері жіті талданып, оларды қолдау туралы ауқымды шаралар айқындалды. Бұл туралы «Алматы» арнасы хабарлады.
Алматыда көпбалалы аналарға арналып «Бақытты отбасы» орталығы ашылады. Орталық көпбалалы отбасылардың мүддесіне жұмыс істейді. Орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істеп, тұрмысы төмен жанұяларға кешенді көмек көрсетуді көздейді. Оның ішінде, құқықтық және психологиялық кеңес те беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта сауықтыруға көмек көрсетіліп, көпбалалы аналардың жұмысқа тұруына да жағдай жасалмақ.
Менің ойымша, жиында айтылған көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау мен көмек жүзеге асырылады. Бұл аналар қойған барлық сұрақтарға байланысты. Біз тұрғын үй, жәрдемақы тұрғысында байсалды түрде сөйлестік, – деді көпбалалы ана Нұргүл Байсадықова.
Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға алғашқы жарнаға жергілікті бюджеттен субсидия төленетін болды. Бұл төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары барларға қатысты. Коммуналдық қызмет үшін төленетін өтемақы көлемі де ұлғаяды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту және бір реттік әлеуметтік көмек көлемі де артады. Алматы билігі көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға екінші баладан бастап балабақша шығынын да өтеуді жоспарлап отыр. Ұсынылған жүйелі шара арасында көпбалалы отбасыларға және қысқа мерзімдік тегін курс стипендиясын ұйымдастыру бар.
Алматы әкімдігі барлық мәселелерді ашық түрде талқылап жатыр. Ол мәселелер көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қатысты болып отыр. Бізді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мұқият тыңдады, – дейді көпбалалы ана Ұлжалғас Сатқымбекова.
Өз кезегінде, бастамашыл топ өкілі Сәуле Әбединова ашық диалогқа шақырды. Оның сөзінше, еш байбаламсыз, ақылға жүгіну керек.
Алматы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ұсыныстарына шұғыл түрде назар аударды. Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында қаланың әр ауданынан қоғам белсенділері кірді. Бұл ашық диалогтың оң әсері, – деп атап өтті кезекті өткен жиынды қорытындалаған қоғам белсендісі Сәуле Әбединова.